386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Рухани жаңғыру»: елордалық студенттерге тарихи орындарға саяхат ұйымдастырылды

  • 1123
  • UPD: 07:40, 30.05.2018

Елордалық жоғары оқу орындарының бірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында студенттер үшін тарихи орындарға саяхат ұйымдастыруды жалғастырады.

Бұған дейін өрендер оңтүстік және шығыс облыстарда болып қайтты. Сапар барысында олар киелі жерлерге табан тіреп, жергілікті замандастарымен де жүздесті. «Менің елім» атты жоба жетекшілері осылайша студенттерге тағылымды тарих таныстырылып, ата-бабалар жүріп өткен соқпақ үлгі етілді.

Арыстанбаб, Айшабибі, Қожа Ахмет Яссауи кесенелері, Қорқыт ата мемориалдық кешені, ежелгі қалалар мен мешіт-медреселер. Елордалық студент Ерасыл Әбікенов бұл қасиетті орындарды жаңа қырынан таныды. Оған өзі секілді 30 жаспен бірге «Менің елім» жобасы аясында кең-байтақ жерімізді аралап, тағылымды тарихпен танысу мүмкіндігі туды.

Ерасыл Әбікенов, студент:

- Ең алдымен Қызылордаға түстік. Қорқыт ата кесенесі, Түркістан қаласына бардық.Түркістан қаласы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Отырар қаласының орнына бардық. Бұрын тек көріп жүретінбіз. Ол жерде қолмен ұстап көруге болады.

Жоба аясында іріктелген бір топ жас өткен жылы еліміздің оңтүстігіндегі қасиетті орындарды араласа, биыл тағы бір қатары шығысқа арнайы барып қайтты. Бұл аймақта да киелі жерлер жетерлік. Абай Құнанбаевтың музейінен бастап Қозы Көрпеш-Баян Сұлу кесенесі, қорған кешендері, тізе берсек ұзын-сонар. Енді оқу орны жыл соңына дейін 300 студентке еліміздің түкпір-түкпіріне саяхат ұйымдастыруды көздеп отыр.

Әлібек Мәдібеков, университет департаментінің директоры:

- Тарихи ескерткіштерді таныстырып, тарихи жерлермен танысып қана қоймай, сол жердегі жоғары оқу орындарында оқитын студенттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, олардың пікірлерін білу, үздік жобаларды таныстыру. Сол арқылы Елбасының мақаласын талқылау, диалогтық алаң жүргізіліп жатты.

Университет жобасы студенттердің рухани танымын байытып қана қоймай, Ұлы дала мұраларын кеңінен насихаттайды. Бұл игілікті іс Елбасы межелеген міндеттердің жүйелі жүзеге асуының дәлелі.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Марал Аманжолова, Омирбек Изимов

Хабар 24 телеарнасы