377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізге соңғы күндері атышулы болған менингитке қарсы вакцина әкелінді

  • 537
  • UPD: 21:44, 30.05.2018

Астанадағы балалар инфекциялық ауруханасына кеше шұғыл түрде жеткізілген үш жарым жастағы бүлдіршін болжам бойынша менингококк инфекциясын жұқтырған.

Бұл деректі бүгін аурухана дәрігерлері айтты. Жүргізілген тексеруден кейін балаға алдын ала «менингококк инфекциясының генерализдік формасы» деген диагноз қойылған. Ал нақты клиникалық диагнозы үш күннен соң белгілі болады. Оған дейін баланың арқа-ми сұйықтығына бактериологиялық тексеру жүргізілді. Балақай қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты. Тиісті емін қабылдауда. Белгілі болғандай, менингококк инфекциясын жұқтырған бүлдіршін бассейнге барған. Ол отбасымен бірге Алматы қаласында бір ай болған. Астанаға 24 мамыр күні оралыпты. Бала 14 адаммен қарым-қатынаста болған. Оның бесеуі үйдегі туыстары болса, қалғаны – бассейнде болған адамдар.

Анна Бринстер, балалардың жұқпалы ауруы кафедрасының доценті:

– Менингококк инфекциясы өзгелерге жұғу үшін адамдар науқаспен ұзақ уақыт қарым-қатынаста болуы керек. Баламен байланысқан азаматтардың бәрі медициналық тексеруден өтті. Аталған дерт қаламызда биыл бірінші рет тіркеліп отыр. Сондықтан бір ғана жағдай болғандықтан оны эпидемия деп айта алмаймыз.

Ал елімізге соңғы күндері атышулы болған менингитке қарсы 6700 вакцина әкелінді. Бірақ бұл дәрілер кепілдендірілген медициналық көмек тізіміне кірмейді. Құнын да тасымалдаушы кәсіпкерлердің өздері белгілейді. Вакциналар жергілікті бюджет есебінен сатып алынады. Мұның бәрін Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері үйлестіреді.

Людмила Бюрабекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрайымы:

– Өзім өткен жексенбі күні Астана қалалық балалар инфекциялық ауруханасында болдым. Ондағы дәрі-дәрмектің қорына көз жеткіздік. Барлық жасқа қажетті антибиотиктер бар. Тиісті препараттар мемлекет тарапынан жүз пайыз қамтамасыз етілген.

Хабар 24 телеарнасы