384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан Сенаты коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы заң жобасын қабылдады

  • 661
Қазақстан Сенаты коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы заң жобасын қабылдады

31 мамырда ҚР Парламентінің Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.

Заң жобасын депуттарға ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев таныстырды.

Жобаның негізгі мақсаты – үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар мен сыйлықақы саласындағы қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру болып табылады.

Заң жобасына бірқатар жаңа толықтыру енгізіледі. Атап айтқанда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ҮЕҰ көрсетілетін қызметтердің мазмұны, шарттары мен сапасына қатысты бірыңғай талаптарды енгізу ұсынылып отыр. Сонымен қатар, жоба тиімділігін және ҮЕҰ қызметі сапасына халықтың қанағаттану дәрежесін анықтау үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижесін бағалауды енгізу ұсынылуда.

Сондай-ақ министрлік сыйлықақылар мен гранттар берудің жаңа механизмдерін ұсынады. Министр Д.Кәлетаевтің айтуынша, сыйлықақы алмаған үкіметтік емес ұйымдар, жылда сыйлықақы алу үшін өтінім бере алады. Қолданыстағы заңнама бойынша конкурсқа қатысуға өтінім беріп, сыйлықақы ала алмағандар ҮЕҰ үш жыл бойы конкурсқа қатыса алмайды.

Сонымен қатар заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар үкіметтік емес ұйымдарға гранттық қаржыландыру саласындағы оператор – «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ арқылыгранттар беру мүмкіндігіне ие болады.

Заң жобасының шеңберінде «азаматтық қоғамның дамуына жәрдемдесу, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың тұрақтылығын арттыру және әлеуетін күшейту» бойынша жаңа бағыт енгізіледі.

Заң жобасына енгізілетін түзетулердің тағы бір блогы уәкілетті органға ақпарат беретін ҮЕҰ тізімін оңтайландыруға бағытталады. Қазіргі уақытта «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңға сәйкес мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, қор, заңды тұлғалар бірлестігі түрінде (саяси партиялар, кәсіподақтар мен діни бірлестіктерді қоспағанда) барлық коммерциялық емес ұйымдар жыл сайын ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне есеп беруге міндетті.

Берілген норманың құқық қолдану тәжірибесі оны жетілдіру қажеттігін көрсетті. Өйткені, бұл тізімге кіретін барлық коммерциялық емес ұйымдар үкіметтік емес ұйымдар болып табылмайды. Сондықтан ұсынылып отырған өзгертулерге сәйкес ҮЕҰ дерек қорына мәліметтер беруді қажет ететін ұйымдар тізімі нақтыланады.

Жалпы, министрдің айтуынша жоғарыда аталған өзгерістер халықаралық тәжіребиені, оның ішінде Ұлыбритания, Канада, АҚШ, Польша, Франция және Хорватия сияқты мемлекеттердің тәжіребиесін ескере отырып әзірленген.

«Ұсынылып отырған шаралар әлеуметтік мәселелерді шешуге тұрғындардың қатысу деңгейін және азаматтардың мемлекеттік саясатқа деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді», – деді министр Д. Кәлетаев.

Заң жобасы аясында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және 6 салалық заңдарға өзгерістер енгізіледі. Заң жобасының негізгі ережелері мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруды жетілдіруге бағытталған.

Хабар 24 телеарнасы