388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бауырларын өрттен құтқарған батыр бала арнайы медальге ұсынылды

  • 803
  • UPD: 09:46, 02.06.2018

Маңғыстау облысындағы Сайын Шапағатов ауылында тұратын 13 жастағы бала «Төтенше жағдайдың алдын алуға қосқан үлесі үшін» медаліне ұсынылды.

Дархан Әмірхан отқа оранған үйден 4 бауырын алып шығып, ажалдан құтқарып қалған. Батыр бала мереке қарсаңында жерлестерінің сый-құрметіне бөленді.

7-сыныпты бітірген Дархан сол түнгі оқиғаны әлі ұмыта алар емес. Анасы түнгі кезекшілікте, ал әкесі істен шыққан көлігін жөндету үшін жұмысына кетеді. Өзінен кейінгі 4 бауырына бас көз болып қалған ол түнгі екілер шамасында тілсіз жаумен жалғыз арпалысуға мәжбүр болады. Жанып тұрған майшам жерге құлап, балалар жатқан бөлмеден өрт шыққан.

Дархан Әмірхан, 7-сынып оқушысы:

Әне, ана бұрышта ұйықтап жатты. Өзім ұйықтай алмай жаттым, бірдеңе боларын сезгендей. Бір уақытта көзім ілініп кетіпті. Тұрсам төбе, жан-жағым жанып жатыр екен.

Дархан алдымен 3 және 5 жасар қарындастарын, іле-шала қос бауырын көтеріп, далаға алып шығады. Сол мезетте іні-қарындастарын құтқаруды ғана ойлаған жеткіншек мүлде қорықпағанын айтады. Көмекке көршілерін шақырып, ата-анасына қоңырау шалады.

Әсем Досаева, батыр баланың анасы:

Алланың берген бақыты шығар. Балаларымызды аман қалдырды. Үлкен баламызды көбіне әкесінен кейінгі қамқоршы сенсің деп үнемі айтамыз. Артыңнан ерген бір інісі мен үш қарындасы бар, соларға қамқор бол, деп үнемі айтып отырамыз. Соның әсері шығар, өзінің қу қара басын ойламай, бауырларының қамын ойлап, бауырларын аман-есен алып шықты.

Өрт сөндірушілер жеткенше 7 бөлмелі үй түгел жанып кеткен. Далада қалған көпбалалы отбасы көптің көмегімен жаңа үй салуға кірісіп кетті. Ауыл халқы қолдан келгенше жәрдемдесіп жатыр. Ал қиын сәтте бауырларына қорған болған Дарханды құтқарушылар арнайы марапатқа ұсынды. Жергілікті депутаттар мен ел ағалары болса, батыр балаға сый-құрмет көрсетті.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы