384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дәрігерлер менингит жайлы жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды

  • 765
  • UPD: 21:53, 05.06.2018

Кеше түнде Талдықорғанда менингиттен тағы бір адам қаза тапты.

17 жастағы жігіт медициналық колледжде оқыған. Осы жағдайдан соң оқу орнының жатақханасында карантин жарияланды. Ал дүрліккен жұрт әлеуметтік желілерде менингококктан сақтану үшін түрлі антибиотик қабылдап, екпе жасату керек деген ақпаратты бір-бірімен жаппай бөлісіп жатыр. «Бұл – фейк, мұндай жалған ақпаратқа сенбеңіздер», – деді бүгін алматылық денсаулық сақтау саласының өкілдері.

Менингококк инфекциясы белең алғалы бері фейк ақпарат тұрғындарды дүрліктіргені рас. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желі арқылы әртүрлі хабарламалар тарай бастаған. Онда дәрігерлердің көмегінсіз дәрі қабылдап, екпе алу арқылы менингококктан сақтануға болатындығы жарияланған. Мұндай емді балаларға да жасау керектігі айтылыпты.

Айзат Молдақасымова, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

– Балаларға бақылаусыз антиботик, терапия жүргізу керектігін таратқан хабарлама бойынша түсініктеме береміз. Біздің қоғамдық сақтау депратаменті осы ақпаратты растамайды. Және ақпараттық желіден алынған хабарламаға сенбеуге шақырады.

Қазір қалада арнайы штаб құрылды. «Мемлекеттік медициналық мекемелер аталған жұқпалы ауруға байланысты кез келген адамды қабылдауға дайын», – деді департамент басшылығы. Ауысымдағы дәрігерлер саны артып, қосымша 500-ге жуық орын дайындалған. Қосымша жедел жәрдем қызметі жасақталған. Әзірге екпе жеке емханаларда ғана егілуде.

Ольга Ткаченко, фармацевтикалық компания директорының орынбасары:

– Бельгиялық екпенің бағасы жыл сайын қымбаттауда. Алайда біз құнын барынша арзандатып, өткен жылғы бағаны сақтап отырмыз. Өйткені тұрғындарға өте қажет. Менингитке байланысты сұраныс күрт артты. Бірақ біздің қорымыз жеткілікті. Мұндай жағдай өткен жылдары болмаған.

«Менингиттің адам өліміне әкелуіне тұрғындардың салғырттығы себеп», – дейді дәрігерлер. Айта кетейік, Алматыда осы ауруды жұқтырғандардың саны 36 адамға жетті.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы