387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл «А» санатындағы логистикалық орталық 500 мың тонна жүк өңдемек

  • 709
  • UPD: 20:11, 07.06.2018

Шымкенттегі былтыр іске қосылған көлік-логистикалық орталығы арқылы жыл соңына дейін жарты миллион тонна тауар еліміздің өзге өңірлері мен шетелдерге жөнелтіледі.

Бұл орталықтағы кедендік рәсімдеудің жеңілдегенінің арқасында мүмкін болып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл қойма бір мезетте 40 тонналық 1 мың 600 контейнерді қабылдауға қауқарлы. Көлік-логистикалық орталығының жұмысы «Қазақстан Даму банкімен» де тікелей байланысты.

Бұл қоймада жуырда ғана егіс басынан әкелінген пияз, картоп өнімі сақтаулы. Көлік-логистикалық орталығының кәсіпкерлер үшін тиімді тұстары жетерлік. Мәселен, логистикалық орталық Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізіне жақын орналасқан. Яғни бұл жерден еліміздің кез келген қаласына, тіпті, шетелге тауар жіберуге болады.

Серікжан Тасанбаев, кәсіпкер:

- Теміржол вагондары тура қойманың алдына келеді. Сосын көліктерге жүкті өздері артып береді. Адамдары да, техникасы да, барлығы бар. Жанымызда аэропорт. Аэротасымалға да мүмкіндік бар.

Көлік-логистикалық орталығы өткен жылдың соңында іске қосылды. Ал орталықтың құрылысын қаржыландыруды жаңа Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы шеңберінде «Қазақстан Даму банкі» жүзеге асырып келеді. Банк логистикалық орталыққа 11,8 миллиард теңге қаражат құйған. Еліміздегі үшінші миллионды қалаға мұндай қойма орталығы қажет. Себебі шаһар халқы өсім үстінде. Сондықтан тауарларға сұраныс артары сөзсіз.

Әділ Исмағамбетов, «Қазақстан Даму банкі» АҚ атқарушы директоры:

- Шымкент – еліміздің Орталық Азияға шығатын қақпасы. Ол жақтан Қазақстан арқылы транзитпен тауар ағындары Ресейге және кері бағытта жүреді. Яғни жоба Қазақстанның экономикасы үшін және біздің көршілерімізбен трансшекаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Бұл ең әуелі Шымкент-Ташкент сауда-экономикалық дәлізін дамыту тұрғысынан маңызды.

Бұл қойма жылына 600 мың тонна тауар сақтауға қауқарлы. Орталықта бүгінде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресейден келіп жатқан транзиттік жүктер сақталады және кедендік рәсімдеуден өтеді. Әрқайсысының аумағы 10 мың 300 шаршы метр болатын екі қойма жұмыс істейді. Қоймалар халықаралық деңгейдегі «А» санатының талаптарына сай. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты жақсарту үшін енді екі ел арасында логистикалық бірлескен кәсіпорын құру жоспарда бар. Бірлескен жобада жүк көліктері үшін «жасыл дәліз» енгізіледі. Мұнан соң екі ел арасында жылына 400 мың тоннаға дейін тауар тасымалданбақ.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы