389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысына жасалған алғашқы өлкетану турына 150 бала қатысты

  • 478
  • UPD: 22:09, 11.06.2018

Ақмола облысына жасалған алғашқы өлкетану турына Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 150 бала қатысты.

Үш күндік бағдарламада жеткіншектер Бурабай ауданы мен Көкшетау қаласының көрікті жерлерімен танысады. Олар өңірдің мәдени, тарихи, табиғи ескерткіштерін зерттейді.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде «Туған жер» жобасы аясында республикалық өлкетану акциясы бастау алған болатын. Шара барысында 2000-ға жуық оқушы еліміздегі қасиетті орындарды аралайды.

«Жұлдызды» балаларды сауықтыру орталығында жас меймандарды ерекше қарсы алды. Оларға арнайы ойын-сауық бағдарламасы жасалып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Жолдан келген жасөспірімдер шаршаңқы көрінгенімен «Жайлау» этноауылымен танысуға бірден келісті. Мұнда қазақы қоныс, ұлттық ойындар мен тәтті-тағамдар әзірленді. Қонақтар ән шырқап, алтыбақан тепті.

Жасмин Бисенғалиева, өлкетану акциясының қатысушысы:

– Өте керемет. Бұл шетелге барғанша өзіміздің Қазақстанға келген артық деп ойлаймын. Бізді қарсы алған кезде өте керемет қарсы алды. Жаңағыдай қазақтың салт-дәстүрі бойынша шашу шашты да өте керемет болды.

Бурабайдың көркі, таза ауасы мен қасиетті орындары жеткіншектерге ерекше әсер берді. «Хан Абылай жүрген жолмен жүріп, көзбен көру тарихи кезеңді бастан өткізгенмен тең», – дейді жас туристер.

Расул Хамутдинов, өлкетану акциясының қатысушысы:

– Қымыз, шұбат іштік. Бауырсақтан ауыз тиіп, киіз үйде дәм таттық. Тағы Бурабайда ерекше тас бар екенін естідім. Оған қолың тисе болды, барлық арман-тілектерің орындалады екен. Мен сонда барғым келеді.

Марина Ли, облыстық білім басқармасының бас маманы:

– Шілде мен тамыз айларында біздің аймақтан 70 бала Қызылорда облыстарына барады. Ондағы қасиетті орындар мен тарихи нысандарды тамашалап, танысады. Бұл экспедиция құрамына бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар, жетім балалар кіреді.

Балалар екінші күні тарихи-өлкетану музейі мен Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин мұражайына барды. Облыстық кітапхана мен мемлекеттік мұрағатпен танысты. «Мұндай танымдық сапарлар өскелең ұрпақтың туған елге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі», – дейді педагог мамандар.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадина Смағұлова, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы