377,04 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысындағы көмір кенішіне апаратын жол жағдайы сын көтермейді

  • 1290
  • UPD: 11:00, 12.06.2018

Алматы облысының Райымбек ауданында орналасқан «Ойқарағай» көмір кенішіне апаратын жолдың  жағдайы сын көтермейді.

Тас жолдың жоқтығы көмір өнеркәсібіне айтарлықтай тежеу болып отыр. Бұл түйткіл оңынан шешілсе, өндіріс көлемі біршама ұлғая түсер еді.

Райымбек ауданының тұрғындары «Ойқарағай» көмір кенішінің арқасында көмір тапшылығы дегеннің не екенін сезінбей келді. Өткен қыста өзге аудандарда көмірдің бағасы 25 мың теңгеге дейін жетті. Ал «Ойқарағайда» 1 тоннасы 6 мың теңге. Жүк таситын көлігіңізбен келсеңіз, қажетіңізше тиеп береді.

Нұртай Есімбеков, Нарынқол ауылының тұрғыны:

- Енді ол Ойқарағайдан шығып жатқан Нарынқол халқының байлығы ғой көмір деген. Көмір іздемейміз. Ана жақта 6 мың болса, жеткізудің өзі жолды көрдіңдер, ақ қар, көк мұзда тонналап алып келіп сатады халыққа. 10 мыңнан деп әкімшілік баға қойып берді.

Тілші: «Ойқарағайдың көмірі ағашты көп қажет етпейді. Күзгі қара суық басталғанда пешті бір тұтатып алып, жазға дейін отынсыз жаға береміз» деп әзілдейді жергілікті тұрғындар. Айтса айтқандай қызуды жақсы ұстайтындықтан, ол таң атқанша қып-қызыл болып, шоқтанып жатады. Сол шоққа көмірдің кесегінен қалап жіберсең пеш қайтадан гүр ете түседі. Ойқарағайда 60 миллион тонна көмір қоры бар. Ал Райымбек, Кеген, Панфилов, Ұйғыр аудандарының халқы жыл сайын 30 мың тоннадай көмір тұтынады.

Болат Білдебеков, «Ойқарағай» көмір кенішінің механигі:

- Бізде 30 жұмысшы бар. Алды Қостанайдан, Қарағандыдан келіп істейді. Бір сезонда 35 мың тонна көмір өндіреміз.

Ләззат Ботабекова, "Ойқарағай" көмір кенішінің директоры:

- Егер бізді мемлекеттік жол картасына кіргізіп, «Ойқарағай» кен орнынан елді мекендердің барлығына жаңа асфальт жолдар салынатын болса, әрине, біз одан да үлкен жұмыстарды жасаған болар едік. Себебі техниканың мына жерге келуі өте қиын.

Жаңбырлы күні жолдың ми батпағы шықса, қыста көктайғақ болады. Көмір тиеген мына «Камаз» автокөлігі толассыз жауған жаңбырдың салдарынан тайғанап, аударылып қалыпты. Қайта жүргізушісі дін аман. Мұндай оқиға бұл қауіпті жол бөлігінде жиі болып тұрады. Оған адамдардың көзі әбден үйреніп кеткен. «Ойқарағай» кенішіндегілер аудандағы тұрмысы төмен отбасыларға жыл сайын 300 тонна көмірді тегін жеткізіп береді. Бұған дейін Ойқарағай көмірінің тоннасы 6 мың теңгеден болса, алдағы күзден бастап ол 7500 теңгеден саудаланады. Өйткені жанар-жағармай мен техниканың қосалқы бөлшектері қымбаттап кеткен екен.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы