389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-ның денсаулық сақтау мекемелері электронды форматқа көшеді

  • 454
  • UPD: 15:58, 13.06.2018

Шығыс Қазақстандағы денсаулық сақтау мекемелері 1 шілдеден бастап қағазбастылықтан арылып, толықтай электронды форматқа көшеді.

Қазір  Өскемендік  емханаларда «цифрлық сауаттылық» орындары жұмыс істеп тұр.  Онда  тұрғындарға смартфондар арқылы дәрігер қабылдауына  жазылып, басқа да электронды қызметтерді пайдаланудың қыр-сыры түсіндіріледі. Сала мамандары жұртты цифрландыру саясатының игілігін көруге шақырады. 

Өскемендегі №2 қалалық емханаға келген тұрғындарды қазір  онлай тіркеу бөліміндегі мамандар қарсы алады. Олар  ұялы телефондағы арнайы қосымша арқылы дәрігер қабылдауына жазылудың оңай жолын көрсетуде.

Дәліздегі қаптаған кезек қазір азайған. Үнемі уақыт жетпейтін заманда, заманауи технологияны пайдаланудың тиімділігін жұрт та түсініп жатыр.

Айжан Қабдуалиева, қала тұрғыны:

- Онлайн тіркеу өте тиімді деп ойлаймын. Өйткені ешқандай кезекке тұрмай, үйде отырып уақытыңды тиімді пайдалануға болады.

Сондай-ақ қосымша арқылы дәрігер жазып берген рецепт пен зертханалық тексерулер нәтижесін де үйден отырып көруіңізге болады. Цифрландырудың шарапатын  облыстық бала мен ана орталығына келушілері де көріп отыр.

Ермек Омарбеков, облыстық «Ана мен бала» орталығының директоры:

- Барлық зертханалар,қабылдау бөлімдері ақпараттық  жүйеге тіркелген. Орталығымыз 100 пайыз соңғы үлгідегі  компьютерлермен жабдықталған. Егер бір бала  белгілі бір ауруға анализ тапсырса, оның нәтижесі бірден емделуші дәрігеріне барып түседі. 

Тіпті орталықта тегін дәрі-дәрмек алушылар үшін электронды дәріхана жұмыс жасайды. Мәселен, қан ауруымен ауыратын науқастар қажетті дәрілерінің бар-жоғын ғаламтордан анықтап, тура осы орталықтан алып кете алады. Қалаларда цифрландыру үрдісі осындай қарқынмен еніп жатса, шалғайдағы аудандарда біршама қиындықтар бар.

Бейбіт Есенбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау саласын цифрландыру департаментінің директоры:

- Алыс ауыл-аудандардағы инфрақұрылымның нашарлығынан цифрландыру мәселесінде кедергілер тұрғаны рас. Дегенмен, жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып оны шешудің жолдары қарастырылуда. Кабельді немесе желісіз ғаламтор түрін тіпті болмаса спутникті байланысты қолдануымыз да мүмкін. 

Айта кету керек, жыл соңына дейін аймақтағы барлық ауруханалар мен емханаларды компьютерлік техникамен жабдықтау үшін облыстық қазынадан  986 миллион теңге бөлінді.

Авторлары: Э.Ахметова, А.Төлепов

Хабар 24 телеарнасы