367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада шілде айынан бастап тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жүйесі енгізіледі

  • 401
  • UPD: 22:34, 18.06.2018

Заманауи жоба экологиялық проблемалардың шешілуіне оңтайлы әсер етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.

Дамыған Еуропа елдерінің үлгісі бойынша жүзеге асатын бастама тұрмыстық қалдықтардың өңделуін 70 пайызға дейін арттырмақ.

Қала сыртында орналасқан зауыт тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Себебі мұнда күніне 950 тоннадан астам тұрмыстық қалдық келіп түседі. Ал жылына бұл көрсеткіш 300 мың тоннадан асып жығылады. Зауыт қызметкері Орынбай Әбдірайымов өңдеуге жарамды заттарды іріктеп, келесі бөлімдерге жібереді.

Орынбай Әбдірайымов, зауыт қызметкері:

- Жұмыс қиын емес, үйреніп қалдық, екі жылдай болды. Келген қоқыстың ішінен заттарды алып отырамыз. Біздің міндетіміз сол. Көліктің дөңгелегі, мұздатқыш сияқты ірі заттарды алып қоямыз. Өйткені ол арғы жаққа кетсе зақымдайды.

Өкінішке қарай, келіп түскен қалдықтардың тек 9 пайызы ғана қайта іске жаратылады. Бүгінде 6 млн тонна тұрмыстық қалдық арнайы орынға көмілген. Бірақ ақша табуды ғана көздейтін кейбір компаниялар қоқысты қалаған жеріне тастауды әдетке айналдырған. Мамандардың айтуынша, олар жауапқа тартылып, айыппұл өтегенімен, түйткілді мәселе нақты шешімін таппай отыр.

Айнұр Сұлтанқұлова, қалалық қоршаған ортаны қорғау басқармасы бөлімінің бас маманы:

- Астанада  тұрмыстық қалдықтарды көмуге арналған бір ғана полигон бар. Ол Алаш тас жолы бойында орналасқан. Алайда полигонмен келісімшарт жасаспай, қала сыртына қоқысты лақтыратын жауапсыз компаниялар кездеседі. Соңғы деректер бойынша, рұқсат етілмеген 78 жер анықталды. Қазір олардың барлығы жабылды. Десе де проблема түпкілікті жойылмай тұр, себебі мұндай нүктелер қайтадан пайда бола береді.

Баспасөз өкілдерімен өткен жиын барысында қала әкімі Әсет Исекешев енді жауапсыз компанияларға қолданылатын жаза күйшейтілетінін айтты. Қазір осы бағытта кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қала басшысы келесі жылы елордада  тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін заманауи зауыттың іске қосылатындығын атап өтті.

Әсет Исекешев, қала әкімі:

- Алдағы уақытта Франция технологиясы бойынша жұмыс істейтін зауыт іске қосылады. Ол орталық органикалық қалдықтарды толықтай өңдеп, биогаз шығарады. Зауыттың құрылысы келесі жылдың күзінде аяқталады. Осылайша тұрмыстық қалдықтарды өңдеу 70 пайызға дейін артады деп ойлаймыз.

Ал шілде айынан бастап тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жүйесі енгізіледі. Қала көшелеріне екі түсті 6 мыңнан астам қоқыс жәшігі орнатылады. Сары түсті контейнерлер металл, пластик, шыны өнімдері мен қағаздарға арналған. Ал жасыл жәшікке тамақ қалдықтары, органикалық және басқа да өңдеуге жарамсыз қалдықтар салынады. 

Осылайша қоқыстардың экологияға тигізер қаупі азайып, экономикалық тұрғыдан тиімді жобалар саны артады. Бастысы, ел азаматтары тазалық-денсаулық негізі, ал денсаулық байлық негізі екендігін ұмытпағаны жөн.

Авторлары: Айнұр Ақылбайқызы, Арман Ақшабаев, Ержан Қанапияұлы

Осы категория бойынша: « Қазақстандық нейрохирургтер израильдік әріптестерімен тәжірибе алмасты Жамбыл облысында пойыз апатынан зардап шеккендерге өтемақы төленеді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы