374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскеменде роботты технология арқылы бүйректі алып тастау операциясы сәтті жүзеге асты

  • 199
  • UPD: 22:12, 19.06.2018

Өскемендегі роботтандырылған хирургия орталығы жеткен жетістігімен шетелге танымал бола бастады.

Ашылғанына екі айдан астам ғана уақыт болған орталық дәрігерлері роботты технологияны мықты меңгеріп, тіпті, өздері дәріс алған италиялық мамандарды да тәнті етті. Заманауи медициналық әдіс арқылы хирургтер бүгінгі күнге дейін 40-тан астам операция жасап үлгеріпті. Олардың арасында әлемде алғаш рет жасалған операция түрлері де бар.

Өскемендегі роботтандырылған хирургия орталығының бүгінгі жетістіктері ұшан-теңіз. Урология, хирургия, гинекология бойынша талай науқасқа көмек көрсетілді. Тіпті, дәл осы әдіспен бүйректі алып тастау операциясы сәтті жүзеге асты. Бұл – әлемдегі алғашқы медициналық тәжірибе.

Марат Шоранов, ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Біздің дәрігерлер өздерінің шетелдік әріптестері берген эстафетаны жақсы жалғастыруда.Тек Қазақстанда ғана емес, әлемдегі бірінші рет жасалған операцияларды жасап жатырмыз.

Инновациялық хирургиядан дәріс беріп, оның негізін үйретіп жүрген Стефано Джидароны отандық дәрігерлердің біліктілігі айрықша таң қалдырыпты.

Стефано Джидаро, жалпы хирургия мен урология саласының маманы /Италия/:

- Германияда, Италияда осындағы әріптестермен дәрістер өткізіп,  Өскеменде білгенімізді пысықтадық. Міне, олар нефрэктомия бойынша әлемде алғаш болып операция жасады. Бұл мамандардың жоғары біліктілігін көрсетеді. Медбикелер де өте тиянақты екен.

Урология бойынша операцияны роботты басқару арқылы жасаған өскемендік дәрігердің жасы небәрі 36-да. Маман болашақта осы бағытты барынша терең зерттемек.

Ринат Мұздыбаев, уролог дәрігер:

- Роботты хирургияны меңгеру – үнемі ізденіп, кәсібилікті артыру деген сөз. Мен қашан да шетелдік мамандардан білмегенімді сұрап, тәжірибе жинауға тырысамын.

Енді жергілікті дәрігерлердің роботты медицина саласындағы еңбектері туралы ғылыми жұмыстар жарық көрмек. Қазір өзге өңірлер мен шет елдерден бұл салаға деген қызығушылық артып отыр. Осылайша Өскемен еліміздегі роботтандырылған хирургия орталығына айналды.

Авторлары: Э.Ахметова, Д.Пыхтин

Осы категория бойынша: « Газдың бір текше метрі 44-50 теңге аралығында болады Түркістан – облыс орталығы: бұл шешімнің тарихи маңызы қаншалықты терең? »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы