386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандықтар биыл 50 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр

  • 452
  • UPD: 22:58, 20.06.2018

Түркістанда биыл егін мың жарым гектарға артық егілген. Сондай-ақ жыл он екі ай көкөніс өнімдері үзілмейтін 570 жылыжайдың егіс көлемі 66 гектарға жетті.

Жалпы түркістандық шаруалар осы жылы 50 миллиард теңгенің агроөнімдерін өндіруді жоспарлап отыр. Республиканың ірі сауда-саттық орталығы саналатын Түркістанның еңбеккер жұрты құрылымдық өзгерістерден кейін өнімділік көрсеткіші күрт артатынына сенімді.

Түркістандықтар ендігі ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласы дамитынына және тың технологиялы зауыт-фабрикалар көбейетінінен үмітті. Шаруалар биыл 900 гектардай суармалы жерді айналымға қосты.

Тұрсынжан Төлемісов, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы:

- Өткен жылдары мысалы 43 мың 700 га ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болса, биыл ол 45 мың 500 га жетіп, мың жарым га артық егіліп отыр. Осының өзі де халық әлеуетін жақсартуға, тұрмысын арттыру мақсатында істеліп жатқан іс-шара деп білеміз.

Түркістандықтарды агросаладан бөлек асырап отқан кәсіп ол туризм. Өткен жылы миллионнан астам, биыл жыл басынан бері 300 мыңдай турист қабылдаған шаһар туризмдік инфрақұрылым дамиды деп күтіп отыр.

Бораш Мырзалиев, экономика ғылымдарының докторы:

- Туристерге қызмет көрсетуде инфрақұрылым дамуы әсер етеді. Себебі келген адам Түркістанда 2-3 күн болмайды. Инфрақұрылым нашар дамуына байланысты Шымкентке, басқа қалаларға өтіп кетеді. Арнайы бұл жөнінде жоба бар. Ол Самарқанд, Ташкент, Бұқараға келетін туристерді тарту арқылы Түркістанды әлемге таныта білу. 

Түркістанда 263 мыңнан астам тұрғын тіркелсе, соның жартысына жуығы экономикалық белсенді. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандары өткен жылмен салыстырғанда 100 пайызға артып отыр. Облыс статусын алған аймақ жұрты енді көп күттірмей әлеуметтік оң өзгерістер орын алатынына сенімді.

Пернетай Досыбеков, қала тұрғыны:

- Түркістан халқы бүгін ақ түйенің қарны ақтарылған күн деп есептеп отырмыз. Енді әлеуметтік жағдайлары Түркістанның небір құрылыстар түседі, небір инвесторлар осы жерге келеді. Жұмыссыздықтың қатары жойылады деген сөз бұның бәрі. 

Тарих толқынында талайды өткерген мың жарым жылдық тарихы бар шаһар жаңаша түрлену, түлеу, самғауды бастан кешіп отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы