389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысының Амангелді ауданы ірі қара тұқымын асылдандыруға ден қойған

  • 983
Қостанай облысының Амангелді ауданы ірі қара тұқымын асылдандыруға ден қойған

Қостанай облысының Амангелді ауданында 2011-2017 жылдар аралығында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 59 жоба игерілді.

Шағын несие алып, бордақылау алаңын ашқан тұрғындар көбейді.

Боранбай Қойшымановтың шаруашылық ашқанына жиырма жылдан асты. Түлігінің санын көбейтіп, сапасын жақсарту оның көптен бергі арманы еді. Шаруаның ойын жүзеге асыруға мемлекеттік бағдарлама көмектесті.

Боранбай Қойшыманов, шаруа:

– Малдың басын көбейту, асылдандыру бағытында Үкіметтен 11 млн теңге несие алдым. Оған 58 бас аналық, үш бұқа алып, өсіріп жатқан жайым бар. Қосқан бұқамның төлдері биыл туып жатыр.

2017 жылы аудан шаруаларына 300 млн теңге демеуқаржы берілген. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау» бағдарламасы шеңберінде де кәсіп бастағандар саны артқан. Солардың бірі – Кеделбаевтар отбасы. Олар төмен пайызбен берілген 4 млн теңгеге 21 бас тайынша сатып алып, шағын мал бордақылау алаңын ашты.

Ғизат Кеделбаев, шаруа:

– Үкіметтің жасап отырған жеңілдігі кәсіпкерлерге тиімді. Мысалы, 4 млн теңгені 6 жылға береді.

Амангелді ауданы бойынша биыл табындарға 366 бас асылтұқымды бұқа қосу жоспарланған. Бұл – кемінде он мыңға жуық сиыр асылдандыруға қатыстырылды деген сөз. Былтыр ауданда 70 отбасыны біріктірген екі кооператив жұмысын бастады. 

Талғат Карбозов, Амангелді ауданы әкімінің орынбасары:

– Былтыр нәтижелі жұмыспен қамту бойынша 200 млн теңге игерілді, бұл біздің берілген жоспарды 120 пайызға артығымен орындағанымызды көрсетеді. Оның ішінде екі кооперативке 153 млн теңге қаржы бөлінді.

Тек ғана сапа емес, сондай-ақ ірі-қараның саны да көбейгені байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда, Зеңгі баба тұқымы 120 пайызға өсіп, 40 мың басқа жеткен. Биыл Амангелді ауданының шаруаларына 1500 бас ірі-қараны етке тапсыру жоспары белгіленіп отыр.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы