383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында 10 бала асырап алған әке алуан ұлт өкілін тәрбиелеп отыр

  • 546
  • UPD: 12:26, 25.06.2018

Ақмола облысының Бурабай ауданында тұратын Мұрат Қабылбаев жеті жылдан бері он шақты жетім баланы қамқорлығына алып, тәрбиелеп келеді.

Бүгінде олардың берекелі отбасын өз ауылдастарынан бөлек аймақ тұрғындары, қала берді бүкіл қазақстандықтар біледі десек артық айтқандық емес. Себебі олар осы күнге дейін талай байрақты бәсекеде топ жарып, көптеген қоғамдық істердің көш басында келеді. Ал 13 баланы асырап отырған Мұрат Қабылбаев былтыр «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарына енді.

Балалар үйінен осыдан жеті жыл бұрын келген бұл қыздар бүгінде есейіп қалған. Аналарына ас дайындауға көмектесіп, үйдің бар тірлігін өздері-ақ тындырады. Тағам әзірлегенде қолдарынан келмейтіні жоқ.

Бұл отбасыдағы балалар өте сүйкімді. Тәрбиеге де берік. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болып жүреді. Барлығы да қазақшаға судай. Сондықтан қазақы салт-дәстүрмен өсіп келеді.  

Мұрат Қабылбаев, балалардың асыраушысы:

- Біздің отбасымызда 13 бала. Басқа ұлт өкілдерінен орыс балалар, түрік балалар, украин. Шынын айтсам, бірінші жылдары кішкене қиындау болды тәрбиелеуге. Ең бірінші сенім болу керек. Бала кімге сенеді, соның ісін істейді, соның айтқан сөзін тыңдайды, соның жолымен жүреді деген. Біз балаларды бүкіл біздің қазақ салт-дәстүрлерімен тәрбиелеп жүрміз. Сосын діни жолмен. Мысалы, біздің Ораза айтты жақсы көреді. Күтеді оны. Құрбан байрамды жақсы күтеді. Дайындалады, біледі осы Құрбан айтта қой шаламыз, үстел жаямыз, қонақ келеді деп, қонақ қарсы алу жақсы көреді.

Ал балалардың әрқайсысының тағдыры әртүрлі болғанмен, барлығының мұңы бір. Ол өздерінің туған ата-аналарының жандарында жоқтығы.  

Төлеген Буликов, М.Қабылбаевтың тәрбиеленушісі:

 - Балалар үйінде анашымды ойладым. Жыладым, ана, бір келіп маңдайымды иіскеші деп. Қайдасың деп. Неге бізді тастадың? Жүзіңді, иісіңді сағындым. Сендім, келерсің деп, табасың деп сендім. Келмедің, таппадың, іздемедің. Туған ана, саған біз ренжімейміз. Бұл өмір сыйлағаныңа рахмет айтамыз. Сенеміз, қазір бізде болып жатқан жақсылық, асқар әке, асыл ана, жаңа отбасымыздың болуына сенің тілегенің шығар деп сенеміз. Мен болашақтан қорықпаймын. Маған әке-анам қанат жайды. Мен мықтымын, мен бақыттымын.

Бұл жас жеткіншектің өз жанынан шығарған монологы. Жалпы мұндағы балалардың көбісі өнерлі. Сондықтан да осыдан 5-6 жыл бұрын ата-аналары «Жігер» атты ансамбль құрып, қазір олар түрлі байқауларға қатысып жүр. 

Оксана Зенченко, М.Қабылбаевтың тәрбиеленушісі:

- Біз ең біріншіден конкурстарға барып жүрдік. Ең бірінші биіміз «Қара жорға» болды. Біз әртүрлі конкурстарға бардық. Сосын ақырын-ақырын біз үйреніп бара жатқанда біз бірнеше би үйрендік. Сосын бізді «Балапан жұлдызына» шақырды Алматыда. Сонда біз шешен биін биледік. Бізді бүкіл Қазақстан көрді деп ойлаймын. Қатысқанда теледидардан көрсетті. Мектепте сыныптастарымыз балалар келіп, мақтады бізді. Бізде үлкен мақтаныш пайда болды.

Балалардың әкесі Мұрат Қабылбаев оларды жан-жақты дамытқысы келеді. Оқуда, спортта, өнерде де озат болып, ең бастысы, заман талабына сай бәсекеге қабілетті маман атанса дейді. Сол үшін алдағы уақытта бар күш-жігерін соған жұмсамақ.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы