389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысы қатерлі ісікке шалдығу жөнінен алдыңғы орында тұр

  • 572
  • UPD: 21:26, 26.06.2018

Ертіс өңірінде қатерлі ісікке шалдығу деректері соңғы бес жылда біршама төмендеген.

Соған қарамастан Павлодар облысы ел көлемінде осы ауру бойынша алдыңғы қатарда тұр. Көрсеткіш республикалық деңгейден бір жарым есе жоғары. Онкологиялық орталықта қызмет ететін білікті мамандарды қауіпті кеселдің жастарды да иектегені алаңдатады. Осыған байланысты павлодарлық дәрігерлердің тәжірибелері қандай?

Облыстық  онкологиялық  диспансерде қазір  11 мың адам есепте  тұр.  Қауіпті дерт  жылына екі мың адамның өмірін жалмайды. Бір ауысымда 50 адамға қызмет көрсететін емханаға  келгендер саны өткен жылы  3 есе көп болған. Осының өзінде онкологтар жағдайдың жақсарғанын айтады. Сәл де болса  көрсеткіш төмендеген.

Ирина Богомазова, ПООД медициналық қызметті бақылау директорының орынбасары:

- Біз жылдың аяғына дейін қатерлі ісік деңгейінің 9 пайызға төмендейтінін болжап отырмыз. Өлім көрсеткіші жыл санап   азайып келеді. Десек те алаңдайтын мәселе өте көп. Мәселен, науқастар ауруы әбден асқынғанда келеді. Дәрігерлердің көмегіне тым кеш жүгінген сырқатты аман алып қалуымыз екіталай.

Жоғары технологиялық емдеу түрлері адам бойына үрей туғызатын  статистикалық мәліметтерді өзгертті. Бүгінде Павлодардың онкологиялық диспансері емдеудің  озық тәсілдерін  игерді. Солардың бірі шағын инвазивті эндовидеохирургия. Ауруды ерте бастан анықтаудың да берері мол. Осындай технологиялардың арқасында қатерлі ісіктен 7 мың адам емделіп шыққан. Ал Павлодардың онкологиялық ауруханасының талапқа сай келмейтіні бұрыннан бері айтылып келді. Өткен жылы 200 орындық диспансердің құрылысы басталды. Оның жанынан күніне 100 адамды қабылдайтын емхана бой көтереді.

Валерий Кравчук, ПООД бөлім меңгерушісі:

- Заманауи медициналық қондырғыларға қол жеткіземіз деп ойлаймын. Ол жаңа эндоскопиялық аспаптар. Желілік жылдамдатқыш. Желілік жылдамдатқышты қолдану сәуледен кейінгі асқынудың алдын алады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа жабдықтар көрсетілетін қызмет түрлерінің  ауқымын кеңейтіп, жұмыс сапасын арттырады.

Желілік жылдамдатқыш дәл осы жерде орнатылады. Радиотолқындар жан-жаққа таралмас үшін қалың монолитті қабырғалармен қапталады. Операция жасалатын блоктың құрылысы да ерекше үлгіде салынады. Озық технологиялы заманауи медициналық қондырғылар орнатылмақ.

Болат Сәдуақасов, құрылыс алаңының басшысы:

- Осыншама қымбатқа түсіп отырған құрылғыға қызмет көрсету үшін арнайы қабат тұрғызылады. Қазір оның іргетасының  беріктігі мен салмақты көтеру қуаттылығы қаралып жатыр. 

Онкологиялық орталықтың негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары жылдың соңына қарай аяқталады. Содан кейін медициналық жабдықтар алынады. Жоспарға сай науқастарды қабылдау 2020 жылы жүзеге асуы тиіс.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат  Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы