385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында терек ұлпасының тұтануынан соңғы аптада 211 оқиға тіркелген

  • 381
  • UPD: 12:14, 27.06.2018

Қостанайлық өрт сөндірушілердің жұмысы қауырт.

Соңғы апта ішінде олар облыс бойынша 200-ден астам шақыртуға шыққан. Негізгі себеп – тез тұтанғыш терек ұлпасы. Жер-көкті жайлаған ақ түбіт қала тұрғындарына жайсыздық тудырып отыр.

Канабаевтар үйінің алдындағы құрылыстың бүгінде орны ғана қалды. Ішіндегі қысқы киімдер, тұрмыстық техникалар әп-сәтте жанып кеткен. Тұрғындар қызыл жалынның іргесіндегі газ тарату стансасына жетпегеніне шүкіршілік етіп отыр.

Татьяна Канабаева, қала тұрғыны:

– Терек ұлпасының жанып жатқандығын көрсек, шелектеп суымызды алып жүгіреміз. Күні-түні бақылап отырсақ та, осындай жағдайға ұрындық.

Бұл аумақта ойын алаңдарының, автокөлік, қора-қопсылардың отқа орануы жиі болады. Себебі жылыжай комбинаты ауданында терек қалың өскен. Тұрғындар күніне үш рет аулаға су шашып, дымқылдайды екен. Бірақ одан да қайыр жоқ. Соңғы аптада ақ ұлпа бұл жерде бес рет жанған. Ағаштарды кесіп, сиретсек деген өтініштері де коммуналдық қызмет тарапынан ескерусіз қалып отыр.

Мұрат Гафуров, қала тұрғыны:

– Олар жеке бір фирмаға тапсырыс беріп, өздерің кестіріңдер дейді. Әр терек – 7 мың теңге, он данасы 70 мың. Ондай ақшаны кім береді? Басқа жолын қарастыру керек деп ойлаймын.

Қостанайдың орталық көшелеріндегі ағаштардың жоғары жағын кесуге 6 миллион теңге бөлінген  Бұл жұмыс жаз аяғына дейін жалғасады.

Станислав Лобанский, қалалық ТКШ бөлімінің техникалық бақылау инспекторы:

– Теректерді кесу жөнінде бізге күн сайын жеке жер иелерінен өтініштер келіп түседі. Әрине олар тіркеледі, сосын кезекке сай, бөлінген ақшаға байланысты орындауға тырысамыз.

Өңірде терек ұлпасынан өрттің шығуы маусым айының екінші он күндігінде өршіп кетті. Соңғы аптада 211 осындай оқиға тіркелген.

Уәлихан Дусанов, облыстық ТЖД бас маманы:

– Өткен тәулік ішінде облыстың өрт сөндіру бөлімшелері 34 шақыртуға барды. Терек ұлпасының тұтануы әсіресе Қостанай мен Рудный қаларында көп байқалады.

Өрт сөндірушілер тұрғындарды бұл күндері бейқамдық танытпауға шақырады. Терек ұлпасының таралуы әлі бір аптаға жалғасады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров

Хабар 24 телеарнасы