386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде құрастырылған электровоз алғаш рет экспортқа шығарылды

  • 798
  • UPD: 21:19, 27.06.2018

Қазақстанда құрастырылған электровоз алғаш рет экспортқа шығарылды.

Электровоз құрастыру зауытында жиналған AZ 8 А локомотивіне «Әзербайжан темір жолы» компаниясы тапсырыс берген. Бүгін Астанада аталған техниканың таныстырылымы өтті.

Жаңа үлгідегі Прима Т8 электровозы әлемдегі ең берік әрі сенімділердің қатарында. 8,8 мегаватт болатын қозғалтқыш қуаты салмағы 12 мың тоннаға дейін жететін жүк тасымалдауға қауқарлы. Ал жылдамдығы сағатына 120 шақырымға дейін жетеді. Табиғат тосын мінез танытқан кездерде, яғни минус 50 градустан +50 градусқа дейінгі ауа райында да жұмыс істей береді.  

Жульен Ноди, электровоз құрастыру зауытының бас директоры:

- А-Зет 8 А техникалық жабдықталу жағынан қазақстандық КZ 8 А локомотивіне ұқсайды. Яғни оларды құрастыру кезінде қолданылған бөлшектердің 95 пайызы бірдей. Ал ең басты айырмашылығы – климаттық жағдайға бейімделуі. Мәселен, Қазақстан үшін жасалғандары минус 50 градустан плюс 50 градусқа дейінгі аралықта жұмыс істей береді. Әл Әзербайжан үшін минус 25 деген көрсеткіш те жеткілікті. 

Электровоз құрастыру зауыты акцияларының 50 пайызы Францияның Альстом компаниясына тиесілі. Сондықтан негізгі бөлшектер аталған мемлекеттен тасымалданады.  Жалпы компания Әзербайжанмен 50 локомотив бойынша келісімге келген. Оның 10-ы жолаушы, ал қалған 40-қа жүк тасуға арналған. Алғашқылары Францияда құрастырылады. Ал жүк тасымалы үшін қолданылатындары Қазақстанда жиналып, тапсырыс берушіге осы зауыттан жіберіледі.  

Дидье Пфлегер, Alstom компаниясы президентінің орынбасары:

- Бұл осы аймақтағы ең қуатты локомотив. Элктровоз құрастыру зауыты бұл техниканы экспортқа алғаш шығарып отыр. Алайда біз осыған ұқсас 3 мыңнан астам өнімді құрастырып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі тапсырыс берушілерге табыстадық. 

Қазір зауытта 450 адам еңбек етеді. Олардың басым бөлігі жергілікті мамандар. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 600-ден асыру жоспарда бар. Ал жылына мұнда 100-ге жуық электровоз құрастырылады. Кәсіпорын жетекшілері болашақта бұл көрсеткішті арттырамыз деп отыр.  

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы