389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы ШҚО-ға жұмыс сапары барысында бірнеше нысанның жұмысымен танысты

  • 533
  • UPD: 23:24, 28.06.2018

Бүгін Шығыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа нысандардың жұмысымен танысып, қызметкерлерімен жүздесті.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысын да бағамдады.

Ертіс пен Үлбі өзендерінің сағасында орналасқан әсем қала. Заманауи әкімшілік нысандар, жаңа спорттық кешендер, мәдениет сарайлары, сауда орындары мен қазақтың ұлы тұлғаларының ескерткіштері – тарихын тереңнен тартқан Шығыс Қазақстан өлкесінің бүгінгі көрінісі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл аймаққа сапарын әдеттегідей әлеуметтің әлеуеті мен экономикалық үдерістерді бағамдаудан бастады. Елбасы аялдаған алғашқы нысан – Ұлан ауданында осыдан 2 жыл бұрын ашылған балық шаруашылығы.

Бекіре тұқымдас балық еті мен уылдырық өндірісімен айналысатын серіктестік мемлекеттік қолдаудың арқасында іске қосылған. 2015 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында оған 40 миллион теңге бөлініп, қажетті инфрақұрылым жүргізілді. Қазір мұнда бекіре тұқымдас балықтың үш түрі өсіріледі. Жергілікті шаруалар бастапқыда бұл кәсіпті таңсық көргенімен, кейіннен оған толық бейімделіп алды. Соңғы екі айда олар 1 жарым тонна бекіре етін сауда орындарына жөнелтті.

Рашид Алшынбаев, кәсіпорынның бас директоры:

– Балыққа көп көңіл бөлу керек. Сондықтан біздің мамандар уақытылы тамағын беріп, күтім жасайды.

«Жақсы күтімдегі бекіре бір жылда екі келіге дейін салмақ қосады», – дейді мамандар. Қазір мұндағы ең ірілері 6-7 келіге дейін тартады. Толықтай автоматтандырылған тоғандарда су жәндігінің тіршілігі үшін барлық жағдай жасалған. Шаруашылық маңында демалыс орны да бар. Онда тұрғындар бос уақытын өткізіп, бекіреден әзірленген тағамдардан дәм тата алады. Бұл күні Мемлекет басшысы демалушылармен жүздесіп, әсерлі әңгіме өрбітті. Тіпті дойбы ойнауда өзіндік әдіс-тәсілдерін көрсетті.

Өнеркәсіптік өлкенің ел экономикасына тигізер пайдасы жыл сайын ұлғайып келеді. Машина құрастыру, түсті металдар өндірісі сынды дәстүрлі кәсіп түрлерінен бөлек, мұнда заманауи бағытта жұмыс істейтін зауыттар көптеп іске қосылған. Соның бірі – Елбасы назарына таныстырылған электрмен қамту қондырғыларын шығаратын жеке серіктестік. Мұнда Президентке өнім дайындау үдерісі көрсетілді.

Өндірісті іске қосуға жалпы сомасы 1 млрд 600 миллион теңге жұмсалды. Нәтижесінде соңғы екі жылдан бері 2 жарым миллиард теңгенің өнімі шығарылып, тау-кен, металлургия және энергетикалық кешен кәсіпорындары қажетті қондырғылармен қамтылды. 

Олег Фроимчук, зауыттың бас директоры:

– Бүгінде біз бірнеше жаңа жобаны бастадық. Соның бірін Франция компаниясымен қолға алдық. Сол арқылы ірі кәсіпорындардағы электр қозғалтқыштарын басқаратын бірегей қондырғы жасап шығармақшымыз. Болашаққа деген жоспарымыз ауқымды. Әсіресе, экспорт көлемін ұлғайтуға баса көңіл бөліп отырмыз.

Елбасы өндіріс барысын бағамдап болған соң қызметкерлердің жай-күйін сұрады. Кәсіпорын облыстың 500-дей тұрғынын еңбекпен қамтып отыр. Солардың 50-ден астамы станоктарда темірден түйін түюмен айналысады. Нұрсұлтан Назарбаев қызметкерлер еңбегін жоғары бағалап, өндірісті өркендету абыройлы міндет екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– В регионе развивается промышленность, в рамках индустриальной программы реализовано 46 проектов. Строятся предприятия, которые обеспечивают новые рабочие места. В частности, уже трудоустроено около 7500 человек.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа облыстың денсаулық сақтау саласындағы тың технологиялар да көрсетілді. Өскемендегі роботтандырылған хирургия орталығының бүгінгі жетістіктері ұшан теңіз. Мұнда жаңаша әдіспен бүйректі алып тастау операциясы сәтті жүзеге асты. Бұл – әлемдегі алғашқы медициналық тәжірибе.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Хирургия орталығының ерекшелігі, операцияны дәрігер емес құлтемір жасайды. Роботтың қолы кез келген бағытқа қарай жеңіл әрі ұқыпты қозғалып, науқастың терісін немесе ағзаларын шамадан тыс зақымдамайды. Яғни адами фактор, қателік деген мүлдем кездеспейді. Дегенмен бұл дәрігердің көмегі қажет емес деген сөз емес. Ол операцияны арнайы экран және 3D көзілдірік арқылы қашықтықтан басқарады.

Орталыққа жаңа қондырғыларды сатып алып, мамандарды даярлау үшін 4 миллиард теңге жұмсалған. Бүгінде мұнда хирургия, гинекология және урология бағыттары бойынша операциялар жасалады. Кепілдендірілген медициналық көмек аясында денсаулық сақтау мекемесіне кез келген қазақстандық жүгіне алады.

Юрий Старокожев, аурухананың бас дәрігері:

– Біз бір орында тұрып қалғымыз келмейді. Алдағы уақытта бауыр ауыстыру операциясын жасауды көздеп отырмыз. Трансплантациядан бөлек, хирургия, гинекология, урология бағыттары бойынша робот технологиясын қолданамыз. Бұған қоса, бізде ангиограф қондырғысы бар. Заманауи құрылғы арқылы инсультке шалдыққан адамдарды айықтыруға мүмкіндігіміз артты.

Инсульттің алдын алу, салдарымен күресу – қазақстандық медицина саласының алдында тұрған ауқымды міндет. Бұл жауапкершілікті шығысқазақстандық дәрігерлер тереңінен түйсінгендей. Себебі облыстық мамандандырылған аурухана мен Зырян және Аягөз аудандарында науқастарды сырқаттан айықтыруға арналған орталықтар ашылды. Олардың жұмысы Елбасы назарына телекөпір арқылы таныстырылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тағы бір айта кетерлігі, бұрын бұл өңірде инсульт дертінің алдын алуға, көрсеткіштерді төмендетуге мүмкіндік аз еді. Ал енді ашылған жаңа орталықтар жақын маңдағы 7 бірдей ауданның халқын қабылдауға қауқарлы. Тіпті бюджет есебінен жергілікті 200-ге тарта дәрігер білімін шетелде жетілдіріп қайтқан.

Шығыс Қазақстан өңірі өнеркәсіп саласындағы жетістіктерімен ғана емес, медициналық мекемелерінің заманауи бағытта даму үдерісімен мақтана алады. Мемлекеттік денсаулық сақтау орындары түгелдей ақпараттық жүйемен жұмыс істейді. Келер жылдың соңына дейін барлығы біркелкі компьютерлік техникамен қамтылады. Ал саладағы қағазбастылық тамыз айында толық шешімін таппақ. Жалпы Мемлекет басшысының шығыс өңірге жұмыс сапары облыстың барлық салада дамып, жан-жақты өсіп-өркендеп келе жатқанын айғақтады. Елбасының оң бағасын алған аймақ енді жеткен жетістіктеріне тоқмейілсімей, толымды тірліктерін жалғастыра бермек.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов, Руслан Жәкеев, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев

Хабар 24 телеарнасы