380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісулық математик 6 оркестр құрған

  • 404
  • UPD: 19:42, 30.06.2018

Алматы облысының Көксу ауданында тұратын ауыл мұғалімі Алыбай Базаралинді жерлестері ерекше мақтаныш етеді.

Оның мамандығы – математик. Домбыраны өз бетінше үйренген. 52 жылдың ішінде мың баланы домбыраға баулып, 6 оркестр құруының өзі таңданарлық іс. Ал шәкірттерінің арасында үлкенді-кішілі өнер байқауларында лаурет атанып, музыкалық білім орындарында сабақ беріп жүргендері де көп.

Домбыраға шын құмарлық деген осы болар. Біздің кейіпкеріміз Алыбай Базаралинді кезінде «домбыраны дұрыстап тарта алмайсың» деп мектептегі оркестрге қоспаған екен. Сосын намысқа тырысып өнерін шыңдаған. Сөйтіп институттың математика факультетінде оқып жүрген шағында-ақ студенттік оркестрге жетекшілік еткен. Бұдан 38 жыл бұрын қызмет бабымен Көксу ауданының Мәмбет ауылына қоныс аударған. Келе сала өзі жетекшілік ететін 4 сыныптың 22 оқушысын домбыра тартуға үйреткен. Кейін басқа сыныптағы талапкерлер қосылып, ауыл оркестрінің атағы алысқа тарай бастаған. Республикалық радио мен теледидардан 45 минуттық концерттері де берілді. 1986 жылы кішкентай домбырашылар ұжымы сол кездегі Мәдениет министрлігінің шешімімен «Үлгілі» халық аспаптар оркестрі деген атаққа ие болды. Ал 90-жылдардағы оңтайландыру кезінде мәдениет үйлері жабылып, оркестр тарауға шақ қалғанда өз үйінен орын берді.

Алыбай Базаралин, домбыра оркестрінің жетекшісі:

- Соның барлығын үйге алып барып, бір бөлмені қойма жасадым. Өзім сол жерге жатамын. Ал зал бөлмесінде 30 баланы жинап, оркестрдің дайындығын жасап жүрдім.

Алыбай ағадан тәлім алған домбырашылардың қатары мыңнан асады. Солардың бірі Мақпал Заманбек өзімен бірге Көксу музыка мектебінде сабақ береді. «Домбыраға құмар бүлдіршіндер аймақта өте көп», – дейді ол.

Мақпал Заманбек, музыка мектебінің оқытушысы:

- Адамның бейіміне және ынтасына байланысты. Егер адам ынталанып, үнемі домбыраны қолына алып жаттығулар жасап жүретін болса, онда аз уақыттың ішінде үйренуге болады.

«Өзі математикадан сабақ бере жүріп, домбыра оркестрінің жұмысын қоса атқарған мұндай адам өмірде сирек кездеседі», - дейді ауылдастары. Домбыра – ұлт мақтанышы. Ол әр үйдің төрінде тұруы керек деп есептейді байырғы ұстаз.

Алыбай Базаралин, домбыра оркестрінің жетекшісі:

- Қазақша сөйлей білу керек пе? Сол сияқты домбыра тарта білу керек. Қазақ пен домбыраны ажыратуға болмайды. Менің пікірім солай.

Әртүрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, талай марапатқа қол жеткізген оркестрде ұрпақ сабақтастығы жалғаса береді. «Елімізде ұлттық домбыра күні атап өтілетін болды. «Бұл – халықтың сүйікті музыка аспабына деген құрмет. Елбасының жарлығын естігінде, төбем көкке жеткендей болды», – дейді 70-тен асқан жетісулық ұстаз.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы