386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2 шілде – Дипломатиялық қызмет күні

  • 635
  • UPD: 22:32, 02.07.2018

Әлемнің 170 мемлекетімен орнаған тығыз дипломатиялық байланыс. Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдері мен Австралияда орналасқан елшіліктер немесе консулдықтар.

Сондай-ақ, халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін тұрақты өкілдер. Соңғы 26 жылда Қазақстанның сыртқы саясатында жеткен жетістіктер бұл. Саланың келешегі де кемел. Себебі сыртқы ведомствода жас мамандарды даярлап, білім-біліктілігін арттыруға баса көңіл бөлінген. 

Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста еліміздің шет мемлекеттерде бірде-бір дипломатиялық өкілдігі болған жоқ. Саяси қызметпен айналысатын мамандар да тапшы еді. Ал қазіргі жағдай мүлдем басқа. Оны сыртқы істер министрлігінің музейінде ілінген әлем картасынан байқауға болады. Онда қазақстандық дипломаттардың орналасқан жері белгіленген. Мәселен, қызыл түсті нүктелер елшілікті, көк түстілері бас консулдықты, ал ақ түстілері консулдық ғимараттарды білдіреді. Астаналық Мағжан Серікханұлы болашақта осы картадағы мемлекеттердің бірінде қызмет етуі мүмкін. Себебі ол таяуда ғана атташе дәрежесін иеленіп, алға қойған мақсаттарының бірін орындады.

Мағжан Серікханұлы, дипломат:

- Көпшіліктің пікірінше, осында бізге жұмыс істеуге келуге өте қиын, тамыр-таныстық немесе ерекше бір жолдама арқылы келу деген пікірде. Бірақ мен келіспеймін. Өйткені өзімде осыдан өткенмін. Қарым-қатынастары жоғары.

Көпшілік дипломат атану үшін тек тіл білу керектігін айтады. Бірақ бұл көптеген талаптардың бірі ғана. Бұған қоса, сыртқы саясат саласында жұмыс істейтіндер ерекше сабырлы, ұқыпты, тіпті қалжыңдаса білетін әзілқой адам болуы шарт. Онсыз шетелдік инвесторлармен қолайлы диалог қалыптастыру қиын екен. Дегенмен, ең бастысы әлемдік геосаясатты жан-жақты түсініп, қазақстандық ұстанымдарды жеткізе білу маңызды міндет. Тәуелсіздік жылдары сыртқы саясат саласында еңбек еткендердің көбі осы үдеден шыға білді. Солардың арқасында Қазақстан экономикасына жүздеген миллиард инвестиция тартылды. Яғни мемлекет басшысының дипломаттар мерекесін белгілеуі бекер емес.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- 2009 жылғы 2 шілдеден бастап Қазақстанның дипломатиялық қызмет күні аталып өтеді. Себебі, 1992 жылы 2 шілдеде Елбасының жарлығымен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі құрылған болатын. Осы 26 жылдың ішінде көптеген мамандар жұмыс істеп келе жатыр. Қазіргі таңда көптеген жастар біздің жүйемізге қосылып, өз қызметтерін атқарып келе жатыр.

Дипломатиялық қызмет сырт көзге оңай көрінгенімен оның көпшілікке беймәлім қыр-сыры мол. Мәселен, ведомствода құқық қорғау органдарындағыдай құпия құжаттар жетерлік. Біле білсеңіз, министрліктің басты ғимаратының орналасқан жері де кездейсоқ таңдалмаған. Оның Қорғаныс министрлігімен қарама-қарсы салынуы «дипломаттар сөйлегенде зеңбіректер атылмайды» деген өзіндік ұғымды білдіреді. Себебі сала қызметкерлерінің негізгі міндеті - кез келген мемлекетпен қарым-қатынасты нығайтып, кейбір кикілжіңдерді қарумен емес, бейбіт жолмен шешу.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы