384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тарбағатайда құны 83 млн теңге болатын 38 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр

  • 492
  • UPD: 11:53, 03.07.2018
Тарбағатайда құны 83 млн теңге болатын 38 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр

Шығыс Қазақстан облысында «Туған жер» бағдарламасы аясында бірнеше нысан пайдалануға берілді.

Тарбағатай ауданында мектеп түлектері білім ошағын жабдықтауға үлес қосса, ауыл тұрғындары саябақ, стадион сияқты әлеуметтік құрылыстарға көмек көрсеткен. Бұл бюджет қаражатын тиімді жұмсауға да септігін тигізіп отыр.

Тарбағатай ауданында «Туған жер» бағдарламасы қарқын алып келеді. Ақсуат орта мектебінің 1975 жылғы түлегі, ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері Шырын Құрманбаева осымен үшінші кабинетті жабдықтауға қол ұшын беріп отыр. Сынып бөлмесіне білім саласына жарты ғасыр ғұмырын арнап, жүздеген саналы ұрпақ тәрбиелеген Дина Әбілмәжінқызының есімі берілді.

Шырын Құрманбаева, мектептің 1975 жылғы түлегі:

– Ұстаз болғандықтан, ұрпақтың білімді болғанын қалаймыз. Сондықтан біз оларға көмектесуіміз керек. Бұл кабинеттер ашылып қана қоймайды, сол кабинеттерге методикалық жабдықтар алып отырамыз.

Мұнан өзге мектеп түлегі өзі басқаратын университеттің 7 гранты ақсуаттық талапкерлерге табысталатынын айтты. Ал аудан орталығындағы тағы бір жаңа нысан – Мұрын ана атындағы саябақ. Бұл осымен соңғы 3 жылда ашылып отырған алтыншы саябақ. Екі жарым мың орындық орталық стадион да қанша жыл қаңырап бос жатыр еді. Енді ауыл тұрғындарының көмегімен ел игілігіне берілді. Осылайша жобалық құны 90 миллион теңге тұратын нысан 3 есе аз қаражатқа жөнделді.

Ділдәбек Оразбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:

– Ендігі мақсатымыз – бұрынғы Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар деген елді мекенде стадион бар. Оны да келесі жылдан бастап іске қосамыз. Оған да халық жұмылып отыр.

Тарбағатай ауданында «Туған жер» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін жалпы құны 83 миллион болатын 38 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы