384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысының диқандары егін ору жұмыстарын бастады

  • 686
  • UPD: 15:00, 06.07.2018
Жамбыл облысының диқандары егін ору жұмыстарын бастады

Биыл өңірде 273 мың гектар жерге арпа, бидай егілген. Қазір олар маусымдық науқан кезінде өнімді уақытылы жиып-теріп алу үшін барын салып жатыр.

Ол үшін қажетті техника жеткілікті. Енді жауын-шашынның астында қалдырмай қамбаны астыққа толтырып алу керек.  Шаруалар биыл жылдағыдан 20 мың тонна артық астық бастыруды көздеп отыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Биыл егін ору науқаны 10 күнге кеш басталды. Оған ауа райының қолайсыздығы себеп болған. Дегенмен, Тұрар Рысқұлов ауданында күздік бидай бітік шыққан. Көріп тұрғандарыңыздай, биіктігі 1,5 метрдей болады. Ал әр сабағы 50-55-тен дән байлаған. Қазір жергілікті диқандар гектарынан 35 центнерге дейін өнім жинап алып жатыр.

Бұл қожалық астық тұқымдарының элиталы сұрпын өсіруге ден қойып отыр. Осы арқылы жергілікті шаруаларды сапалы тұқыммен қамтымақ.  Биыл олар Бельгия мен Польша елдерінен жаңа комбайндар алдырып, жұмысшылар санын арттырды. Маусымында 1,5 есе артық өнім алуды көздеп отыр.

Сайранбай Дөненбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Осы бір ай көлемінде аяқтаймыз деп отырмыз. Жаңа комбайндардың келісіне байланысты кешеден бері шығып, жаңа техника келген. Оның өзінің снабженецтері келіп үйретіп 150 гектардай орып қойды. Екі-ақ комбайн шықты кешеден бері. Осы үшінші комбайн жаңа қосылды. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл шаруа қожалық биыл 420 миллион теңгеге 6 жаңа комбайн сатып әкелді. Соның арқасында егіс көлемін 5 мың гектарға дейін жеткізіп отыр. Жаңа техника диханшыларға күндіз-түні еңбектенуге мүмкіндік туғызып отыр. Қазір жұмыс барысы туралы науқанның бел ортасында жүрген механизаторлардан сұрап білейік.

Әбдіқадір Жаппасбаев, механизатор:

- Бәрі жақсы. Жаңа ғой енді. Шығын жоқ. Бұрынғыда ол енді шаң-топалаң. Ішіне шаң кіретін, неғылатын. Мынада ешқандай шаң кірмейді. Тап-таза осы киіммен келдік. Міне отырдық. Кетіп бара жатырмыз. Күніне 50 гектардан шабамыз. 

Жалпы облыс бойынша бүгінгі күнге дейін 9 мың гектар алқап орылды. Бұл жұмыстар толығымен алдағы айдың 10 күндігінде аяқталады. Биыл 750 мың тонна астық бастыру жоспарда. Айта кету керек, осы жылы облыста ауылшаруашылығы техникалары 4,5 пайызға жаңартылады. Бұл бағытта аймақта арнайы карта жасақталып жатыр. Жыл басынан бері  216 дана жаңа техника сатып алынды.

Берік Нығмашев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Өнімділік шамамен 20 центнерді құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда енді бірдей келе жатыр деп айтуға болады. Кейбір жерлер кешеуілдеп жатыр. Ол өздеріңіз білесіздер ауа райы өткен жылмен салыстырғанда өзгеше. Егін ору жұмыстарына 780 комбайнның 700-і дайын. Дайындығы 90 пайыз деп айтуға болады.

Егін орағына мемлекет тарапынан 16 мың тоннадан астам арзандатылған жанар-жағар май қарастырылып отыр. Әзірге бағасы қанша теңгеден болатыны белгіленбеген. Қазір тиісті құжаттар рәсімделіп, жергілікті жерде операторлар анықталды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы