378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде автокөлікті онлайн тіркеу қызметі іске қосылды

  • 884
  • UPD: 20:46, 09.07.2018

Көлік атаулыны мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бармастан электрондық үкімет порталында онлайн-режимде тіркеуге болады.

Жаңа сервис маусымның соңғы онкүндігінде іске қосылды. Бұл жаңашылдық автокөліктерді тіркеу қызметіне деген сұраныстың артуынан туындап отыр екен. 

Үйден шықпастан темір тұлпарын онлайн арқылы тіркеп, жаңа қызметтің шарапатын көргендердің бірі Мұхтар Есетов. Оның айтуынша, соңғы ереже көлікті рәсімдеп, номер алуды жеңілдеткен.

Мұхтар Есетов, қала тұрғыны:

- Алдында біздер көлікті өз атыңа аударатын кезде таңартең ЦОН-ға барып, кешке дейін де бір күн уақытымыз кететін. Ал қазір үйде отырып, бір-екі сағаттың ішінде өз атыңа аударып алуға болады. Сол өте үнемді.

Бұл жаңашылдық жүргізушілердің уақытын үнемдеп қана қоймай, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы биылғы 5 айда көлікті тіркеу және қайта тіркеу бойынша 750 мыңдай қызмет көрсетілген. Енді бұл үдерістің бәрі жаңа тәртіпте жүргізіледі.  

Дүйсенбек Түсіпбек, қалалық мамандандырылған ХҚК орталығының маманы:

- Яғни көлікті тіркеу және қайта тіркеу және құжаттары жоғалған жағдайда МХҚК орталығына бармай-ақ, осы eGov порталы арқылы үй жағдайында немесе ХҚКО орталығына барып, рәсімдеулеріне болады. Көлікті есептен шығаруға немесе қайта қойып, және де құжаттары жоғалған кезде қайтадан қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Онлайн қызметті пайдалану үшін не істемек керек? Алдымен азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына барып, электронды-цифрлық қолтаңба алуы тиіс. Сол арқылы eGov порталына кіріп, автокөліктерін электрондық үкімет порталында рәсімдей алады. Портал арқылы өтініш бергенде құжаттардың сканерленген нұсқасын ұсынудың қажеті жоқ. Себебі тиісті мәліметтердің барлығы ақпараттық жүйелер арқылы алынады. Хош. Бұған дейін көлікті сатушы мен сатып алушы өтінім беру үшін бір уақытта «Азаматтарға арналған үкіметтің» кеңсесіне барып, қажетті құжаттарды тапсыруы тиіс еді. Енді өтінішті үйден шықпастан онлайн тәртіпте жолдауға мүмкіндік бар.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Автокөлігін онлайн режимде тіркеген азамат көлік номерін үйге жеткізу қызметіне де тапсырыс бере алады. Бұл үрдіс Қазпоштаның бөлімшелері арқылы жүзеге асырылады. Саладағы тағы бір жаңашылдық – егер жүргізуші куәлігінің мерзімі өтсе, немесе жоғалып қалса, медициналық тексерістен өтеудің қажеті жоқ. Себебі азаматтың ЭЦҚ болса, жүргізуші куәлігін онлайн түрде ауыстыруға болады.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы