378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ТЖК: Жыл басынан бері 137 адамның ажалы судан болды

  • 382
  • UPD: 22:27, 09.07.2018

Еліміз бойынша өткен демалыс күндері, яғни айналдырған екі-үш күнде 20 адамның ажалы судан келді.

Барлығы өзен-көлдердің рұқсат етілмеген аумағында шомылған. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі халықты сақтық шараларын сақтауға шақырады. Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметі бойынша жыл басынан бері еліміздің су айдындарында 137 адам мерт болған. 

Екі-үш күнде суға кеткен 20 адамның басым бөлігі балалар. Ал жалпы апта ішінде 45 адам мерт болған. Бұл дерек әсіресе төтенше жағдайлар қызметін алаңдатып отыр. Бүгін астаналық құтқарушылар кезекті рет рейд өткізді. Демалушыларға рұқсат етілмеген жерге суға түсу адам өміріне қауіпті екенін тағы бір мәрте түсіндірді. Дыбыс ұлғайтқышпен хабарлама жасап, әдістемелік парақшалар тартты.  Суға шомылу маусымы басталғалы Астанада 8 адам қайтыс болған. Оның бесеуі бала. Осы демалыс күндері тағы екі қайғылы оқиға тіркелді. Суға түскен екі адам жағаға қайта шыға алмаған.  

Елдор Райымбеков, қалалық ТЖД бөлім бастығы:

- Ең бірінші қиындық ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы. Біздің қызметкерлермен барлық жұмыстар істелді. Әлеуметтік желілердің инстаграм, фейсбук бәріне береміз. Өкінішке орай біреу оқыса біреу оқымайды. Қайғылы оқиға орын алады. Екіншісі ішімдік.

Осы демалыс күндері сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында 6 адам суға кетті. Олардың тең жартысы үлкендердің қарауынсыз суға шомылуға шыққан балалар. Ал,  Қарағанды облысында 4, Павлодар облысында 3, Солтүстік Қазақстан облысында 2 адам көз жұмған. Мұндай қайғылы оқиғалар өзге өңірлерде де тіркелді. Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметі бойынша өткен аптада 45 адамның ажалы судан болған. 

Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

- Біз зерттей келе қайғылы оқиғалар күндізгі сағат 3 пен 6 ның  аралығында жиі болатынын анықтадық. Қаза тапқан балалардың көпшілігі 3-10 жаста болған. Олардың арасында ер балалар көп.  Ұлдар қыздарға  қарағанда батылырақ. Топ болып, жиналып кетіп қалады. Ата-ананың қарауынсыз жүреді. Ойынның соңы осындай қайғылы оқиғаға әкеліп жатыр. Сондықтан атаналар балаларын қараусыз қалдырмауы тиіс.

Павлодар облысында қайғылы жағдайдың бірі Жасыбай көлінде болды. 2 жас жігіт құтқару кеудешесін киместен катамаранмен көлге шыққан. Құтқарушылардың айтуынша, жел көтеріліп, катамаранды аударып тастаған. Қазір сүңгуірлер іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдайлар қызметкерлері батып бара жатқан 3 адамды құтқарып қалды. Оның екеуі бала. Мамандардың айтуынша, адамдар суға түсерде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды.

Сергей Черкасов, облыстық ТЖД суда құтқару қызметінің басшысы:

- Қайғылы жағдайлардың басты себебі адамдар рұқсат етілмеген жерде шомылады. Спирттік ішімдік ішіп түседі. Сондықтан біз күнбе-күн арнайы рейдтер ұйымдастырып, демалушыларға ескерту жасаймыз.

Құтқарушылардың айтуынша, суға батқан адамның 5 минут ішінде жанын сақтап қалуға болады. Сондықтан осындай оқыс жағдайды көрсеңіз дабыл қағу қажет. Айта кетейік, елімізде 50 мыңнан астам су қоймасы бар. Алайда олардың тек жүзінде ғана суға түсуге рұқсат етілген. Ал барлық су қоймаларын құтқарушылармен қамтамасыз ету әзірше мүмкін емес.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әділ Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы