386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазгидромет: Алдағы тәуліктерде аптап ыстық бәсеңдейді

  • 544
  • UPD: 22:59, 09.07.2018

Көктем кеш келіп, елдің орталығы мен солтүстік аймақтарында жаз шыққанымен, кейінгі апта жұртты әбігерге салды.

Дегенмен синоптиктер бірер күнде ыстықтың беті қайтады, деп болжайды. «Қазгидромет орталығы» мамандарының болжамын елорда тұрғындары мен қонақтары қалай қабылдап жатыр? 

БЛИЦ: 

- Өзім шымкенттік болғандықтан ыстықты ұнатам әрі ыстық күнде саяжайларға барып, шомылу деген секілді, сонысымен ұнайды.

- Ауа райы ыстық. Мұндай ауа райы білмеймін енді, Астанада шамалы суықтау болу керек сияқты еді ғо бұл уақыттарда.

- Осы жақында жаңбыр болған, ойлағанбыз жаңбыр бола ма деп. Жоқ, күн ысыды. Өте күшті. Нағыз қыдыратын, суға түсетін күн. 

Өткен аптада оңтүстік облыстарда ауа температурасы плюс +40 +45 градусқа жоғарыласа, еліміздің батыс өңірінде сынап бағаны адам сенгісіз көрсеткішке дейін көтерілген.

Әлеуметтік желілерде жарияланған кей бейнежазбаларға сенсек, Атырау мен Маңғыстау облыстарында термометр бағаны 50-60 градусты көрсеткен. Мәселен, мына кадрлардан тұрғындардың өз аулаларында күн көзіне жұмыртқа қуырып жатқандығын көруге болады.

Алайда алдағы үш тәулікте атмосфералық фронттармен бірге Қазақстанға Ресейдің еуропалық бөлігінен салқын және дымқыл ауа келе бастайды. Сондықтан республика аумағының басым бөлігінде ыстықтың беті қайтады екен.

Гүлдәурен Есбосынова, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

- Астана қаласы бойынша 10-12 шілде аралығында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнгі температура +18+20 градус аралығында болады. Күндізгі температура +30+35 градус аралығында болады. 

Ал еліміздің солтүстігінде найзағай ойнап, екпінді желмен қатар жаңбыр жауу ықтимал дейді синоптиктер. Оңтүстік өңірдің таулы аймақтарында өткінші жауын-шашын күтіледі.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Наурыз Базаров, Ерзат Заитхан

Хабар 24 телеарнасы