368,28 419.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сарапшылар: Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің жұмысы өзгерісті талап етеді

  • 247
  • UPD: 15:41, 10.07.2018

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары осылай деп отыр.

Бір жыл бойы еліміздегі қоғамдық кеңестердің жұмысын саралаған мамандар бүгін құзырлы орган өкілдерімен кездесіп, бірнеше ұсыныс жасады.

Азаматтық қоғам ұғымы Қазақстан үшін де жат емес. Қоғамның үнін жеткізуді көздейтін 229 кеңес бар елімізде. 4 мыңға жуық мүшесі тіркелген. Құзырлы органдардың шешімдерін талқылау, қоғамдағы маңызды мәселелерге үн қосу, ұсыныс білдіру – бұл кеңестердің тікелей міндеті. «Аталған механизм жұмыс істейді», – дейді жиынға қатысушылар.

Әлия Ғалымова, ҚР Қоғамдық даму министрлігі комитетінің төрайымы:  

- Өткен жылы қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдардың 9 мың нормативтік құжатына сараптама жүргізіп, оның 10 пайызы бойынша ұсыныс жасалды және бұл ұсыныстар құзырлы органдар тарапынан қабылданды. Қоғамды көлік, пәтер иелерінің кооперативтерінің жұмысы, құрылысы тоқтап қалған тұрғын үй кешендері секілді қоғамды алаңдатқан мәселелердің барлығы осы кеңестердің назарында.

Сандар сөйлеп тұрғанымен, сырт көз өзгеріс қажет дейді. Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің жұмысын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшылары бір жыл саралап көрген. Айтуларынша, біздегі кеңестер қоғамның барлық саласына бірдей араласады. Ал бір адамның барлық мәселе бойынша кәсіби кеңес беруі мүмкін емес. «Сондықтан кеңестерді сала бойынша жіктеген жөн», – дейді мамандар. 

Хилле Хинсберг, ЭЫДҰ сарапшысы:

- Қазақстандағы кеңестердің қамтитын мәселелері сан түрлі. Ал әлемдік тәжірибе бойынша кеңестер мамандандырылуы тиіс. Мысалы, денсаулық, құқық қорғау мәселелері бойынша сауалдарды бөлек кеңестер қарастырғаны жөн. Сол кезде жұмыс тиімді болады.

Осы және өзге де ұсыныстар заңмен бекітілуі мүмкін. Өйткені құзырлы орган қазіргі таңда «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге дайындық үстінде.

Авторлары: Мәншүк Мақсұтқызы, Асхат Қарақошиев

Осы категория бойынша: « Сыр өңірінде ауылшаруашылық саласында құқықбұзушылық көп Қызылорда облысында су тапшылығы сезіліп отыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы