368,28 419.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Азияның медиа диалогы» форумы: Радио жұмысын жандандыруға айрықша басымдық берілді

  • 310
  • UPD: 20:36, 10.07.2018

Астанада «Азияның медиа диалогы» форумы өтіп жатыр.

Шараға Азия мен Еуропаның атақты медиа менеджерлері жиналған. Форум шілденің 10-12 аралығында өтеді. Мұнда әлемге танымал журналистер мен телерадио басшылары өзара тәжірибе алмасады. Елорданың 20 жылдық мерейтойына орайластырылған шара аясында тұңғыш рет ең ірі салалық конференциялар өтеді. Солардың бірі Азия радиосына арналып отыр.

Форумның алғашқы күні. Бүгін қатысушылар Азиядағы радионың дамуын бөлек қарап жатыр. Шарапаты мол шараға Үндістан, Вьетнам, Қытай, Ауғанстан, Түрікменстан, Түркия, Индонезия сынды Азия елдерінің журналистері арнайы келген. Отырыста мамандар радионың бүгіні мен келешегін талқыға салды. Аудитория жинау, тыңдармандарға қызықты хабар дайындаудың қыры-сыры жан-жақты паш етілді. Бұдан бөлек, радио жұмысын бәсекеге қабілетті ету мәселесі пысықталды. Өйткені, қазіргі уақытта радионың рейтингісіне әлеуметтік желі әсерін тигізіп отырғаны баршаға бегілі. 

Ронни Стэнтон, «Ronnie Stanton Media» компаниясының басшысы:

– Радионың келешегі зор. Сондықтан бұл форумның мәні мен маңызы туралы айтудың өзі әбестік. Мұнда радиоиндустрия өкілдерімен жиналып, үздік тәжірибелерді ортаға саламыз. Бұл кездесулер біздің біліміміз бен біліктілігімізді артыра түседі.

Мамандар радио жұмысын жандандыруға айрықша басымдық берді. Әсіресе, көптен ерекшеленудің жолын іздеген жөн дейді олар. Осы ретте пікір алмасатын ақпараттық бағдарламалар санын арттыруға кеңес берді. Өйткені ел аумағындағы FM станциялардың көбі көңілді әуен қоюмен ғана шектеліп жатады. Мұның салдары жүргізушілерге тиюі мүмкін.

Паул Амос, «Xtra insights» компаниясының директоры:

– Қазақстан – жас мемлекет. Соған қарамастан, медиа нарығы қарқынды дамып келе жатқан бірден-бір ел. Әрине БАҚ саласында, соның ішінде радио жұмысында қордаланып қалған мәселелер де жоқ емес. Қазір нарық заманы. Дегенмен радио музыка тыңдайтын толқын ретінде қалмауы тиіс. Мамандар контент жасауды үйренуі қажет. Ақпараттық хабарлардың болғаны абзал. Мен бір нәрсені ерекше атап өткім келеді. Сіздердің елдеріңіз сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, мәселені шешуге ден қойып отыр. Бұл – мақтауға тұрарлық жағдай.

Форумға Австралия, Бельгия, Германия, Жапония, Қытай, Еуропа мен Азиядағы жекеменшік және ұлттық телерадиокомпаниялардың басшылары қатысты. Олар еліміздің жетекші арналарымен келісімге келді. Мәселен, бүгін «Хабар» агенттігі мен «TDM» мемлекеттік телекомпаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Нәтижесінде қазақ телевизиясының сериалдары мен фильмдері Қытайдың Макаосында көрсетіледі.

Динара Абақаева, «Хабар Агенттігі» АҚ халықаралық ынтымақтастық және даму бөлімінің басшысы:

– Меморандумға қол қою – алғашқы қадам. Алдағы уақытта жаңалықтар контентімен, «Хабар» арнасының тапсырысымен түсірілетін телехикаялармен, түрлі бағдарламалармен, деректі фильмдермен алмасу көзделіп отыр.

Ресми шаралардан кейін халықаралық ән фестивалі өтеді. Бұл – «Eurovision» байқауының баламасы, мұнда Азия-Тынық мұхиты елдерінің өнерпаздары бақ сынайды. Ән байқауы «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында өтеді. Кіру - тегін.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, марат Диқанбаев, Аят Дүйсенбаев

Осы категория бойынша: « Қазақстанда прокурорлық қадағалаудың нәтижесінде 3 млн азаматтың құқығы қорғалған Үкіметте салықтың жаңа түрі талқыланды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы