374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Щучинск қаласында ашылған шаңғы базасы жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істейді

  • 320
  • UPD: 19:53, 11.07.2018

Көгі қалың, көлі көп Көкше жері туризмнің төріне айналуы тиіс.

2023 жылға дейінгі жоспар бар. Міндет – соны мінсіз орындап, Бурабайдың баурайын жыл он екі ай адам аяғы үзілмейтін демалыс аймағына айналдыру. Бұл үшін мемлекет саланы субсидиялауға дайын. Бүгін өңірге Президент барып, Үкімет пен әкімдіктің осы бағыттағы жұмыстарын тексерді. Есептерін тыңдады, бірқатар нысанды аралады. Нысан дегенде, Щучинск қаласындағы шаңғы базасын бөле-жарып айтуға болады. Бірегей нысанға Нұрсұлтан Назарбаев арнайы барды.

Әсем Қабылбек, тілші:

– Туризмнің табыс көзіне айналатын уақыты жетті. Ақмола облысына барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді. Президентке «Табиғат» мұражайы таныстырылды. Мұнда өңірдегі Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жан-жануарлар әлемі туралы құнды дерек көп. Туристердің қызығушылығын тудырудың бір әдісі. Асқар тауымыз, айдын көлді табиғатымыз бар. Саланың дамуы шабан аттай сылбыр. Өңірлерде демалыс орындарын жарнамалау әлсіз.

Қазір Бурабайды дамытуға арналған кешенді бағдарламаның үшінші кезеңі жүзеге асып жатыр. 2023 жылға дейін жоспарланған істерге 61,4 миллиард теңге қарастырылған.

Елбасына таныстырылған ауқымды жобаның бірі – «Promenade Burabay». Курортты аймақтағы шағын қалашық десе болады. Қазір нағыз жұмыс қызған шақ. Тұрғын үйлерден бастап, дүкендер, сауда жасайтын орындар, конференция өткізуге арналған залдар мен мешіттің құрылысы тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Ең бастысы – туристерге жайлы әрі пайдалы демалыс ұйымдастыру. «Бурабай даму» серіктестігінің өкілдері, жаяу жүргіншілер мен велосипедке арналған жолдарды көрсетті.

Курортты аймақты дамыту үшін әуелі Бурабай кенті мен Щучье қаласындағы жолдар жөнделді. Табиғаты әсем аймақтың инфрақұрылымы жетілдірілді. Көпшілікке жасалған қолайлы жағдай жергілікті халықты қуантып отыр. Дегенмен алда атқарар жұмыс көп. Облыс әкімі Мәлік Мұрзалин туризм кластерін дамытуға бағытталған жұмыстарды баяндады.

Мәлік Мұрзалин, Ақмола облысының әкімі:

– Туристерді көптеп тарту үшін «Four Seasons» жобасы қолға алынған. Яғни жыл оны екі ай тоқтаусыз жұмыс істеу көзделген. Оның аясында Бурабайда ірі республикалық, халықаралық шараларды ұйымдастыру жоспарланған. Бұрын курортты аймақта тек жергілікті кәсіпкерлер жұмыс істесе, қазір сауда орындарын Астанадан арнайы сұрап келетін кәсіпкерлер көбейді.

Былтыр Бурабай-Щучинск курортты аймағы 850 мың демалушыны, ал жыл басынан бері 400 мың саяхатшыны қабылдаған. Биылғы меже – 1,2 млн адам. Саф ауаны жұтып, көрікті жерлерді тамашалауға келетіндердің дені – Астанаға жолы түскен шетелдіктер мен ел тұрғындары. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қызмет көрсету саласын арттыруға ерекше ден қоймақ. Астанада осы бағытта оқытатын университет ашылмақ.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Туризм саласына білікті кадрларды даярлау үшін Астанада халықаралық туризм және қонақжайлылыққа баулитын университет ашу жоспарымызда бар. Білім ордасы әлемнің үздік іргелі оқу орындарымен байланыста болады. Біз Австрия, АҚШ, Швейцария тәжірибесін зерттедік. Гонконгтің туризм саласындағы оқу орнымен меморандумға қол қойдық.

Министр Бурабайдың әсем табиғатын Голливудте түсірілетін туындылар арқылы әлемге таныту идеясын да ұсынды. Әзірге бұл мәселеге қатысты нақты шешім жоқ. Бір анығы, шетелдіктер тарапынан қызығушылық жоғары. Сондай-ақ облыста бес жұлдызды қонақүйлерді көбейту мәселесі өзекті. Жыл соңына дейін 34-ке жеткізілмек. Жалпы Бурабайдағы туризмді дамытуға арналған кешенді бағдарламаға зор міндеттер жүктелген. Президент ең бірінші кезекте инфрақұрылымға көбірек көңіл бөлуді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз осы уақытқа дейін туризмге тиісті көңіл бөлмей келдік. Бурабайда ең бірінші жасайтын мәселе – ішкі инфрақұрылымын бітіру. Сыртқысын біз аяқтадық. Дайындық жүргіздік, бұған келу үшін дайындық керек еді. Астанадан Бурабайға қарай үлкен жол салынды. Автожол, теміржол салынды. Көкшетаудың аэропорты жөнделді. Жолдың барлығы ішіне келді. Енді инфраструктураны енгізу керек. Егер де объектілерге су, электр жүйесі, жылу, канализация әкелетін болсақ, мемлекеттің туризмге істейтіні сол болады. Оны мемлекеттен басқа ешкім салмайды. Сонда инвесторлардың келуіне мүмкіншілік жасалады. Оларға жеңілдік жасайтын болсақ, налог жағынан ол да жақсы. Сондықтан қазір көп жұмыс істейтін уақыт келді. Осыған байланысты менің берген тапсырмам бойынша мемлекет тарапынан 2023 жылға дейін үш жылдық бағдарлама қабылданды. Соны орындаудың жолдарын мен қазір тыңдадым. Үкіметті де тыңдадым. Министрлік, әкімдер не істеп жатқанын көрдік. Бұл жұмысты бітіру керекпіз. Сервис мәселесі әр уақытта ең негізгі болып саналады. Біз жастарды оқытуымыз керек.

Аймақты дамытып, мол табысқа кенелу үшін инвестор тарту қажет. Ал пайда тапқысы келетіндер үшін қолайлы жағдай керек екені айтпаса да түсінікті.

Расында жаһандық экономика мың құбылған сәтте кез келген мемлекетке тұрақты табыс түсіріп отырған – туризм. Туризм мен қызмет көрсету саласы қарыштап дамыған елдердің айдарынан жел есіп тұр. Түркия, Таиланд болсын. Туризм талайын тығырықтан алып шықты. Қазақстанда Таиландтағыдай мұхит жоқ. Есесіне туристерді қысқы туризм арқылы тартуға мүмкіндік бар. Осы мақсатта Щучинк қаласындағы шаңғы базасы ашылды. Енді ұлттық құрама ойыншылары шетел аспай, еркін жаттыға алады. Бірегей шаңғы базасының сапасын бірінші болып шаңғышылар тексеріп көрді.

«Шаңғы базасы» – шартты түрдегі атауы. Мұнда биатлон, шаңғы және трамплиннен секіру секілді қысқы спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Кешеннің жалпы аумағы – 125 гектар. Мұнда 2 тұғыр бар. Біреуі – 90 метр, екіншісінің биіктігі – 125 метр. Ал нысанның өзі теңіз деңгейінен 430 метр биіктікте орналасқан. Мердігер компанияның өкілдері құрылыс кезінде барлық халықаралық талаптар ескерілетінін айтады.

Мирко Горник, құрылыс компаниясының директоры:

– Кеше рекорд орнады. Шаңғышылар трамплиннен секіріп көрді. Ол – 125 метр. Нысанның құрылысын халықаралық шаңғы федерациясы жоғары бағалап отыр. Трамплин салынған аймақта желдің жылдамдығы секундына 3 метрден аспауы керек.

Альпі тауының етегіндегі елдер – Франция, Швейцария, Австрия мен Италия. Жолы түскен жандар біледі, бұл Еуропа елдерінде біздегідей үскірік аяз, қалың қар жоқ. Есесіне, әрқайсысында жүздеген тау шаңғы базалары мен курорттар бар. Бюджетке миллиондаған қаражат құйып отыр. Аталған елдерде тау шаңғы кешендерін салуға ниет білдірген кәсіпкерлерді мемлекет қолдап, ақша аяған емес. Бұл ретте Ақмола облысы шаңғы базасымен тоқтап қалмайды. Президенттен тікелей тапсырма алған облыс әкімінің жоспары көп.

Мәлік Мұрзалин, Ақмола облысының әкімі:

– Үкімет пен облыстың әкімдігіне инвестиция тарту, оларға жағдай жасауға тапсырма берілді. Басты міндет 2023 жылға дейін туризмнен түскен пайданы 1 млрд доллларға жеткізіп, жылына 3 млн турист тарту көзделіп отыр.

Курортты аймақта қазір қоқыс өңдеуге де ерекше мән беріліп отыр. Бұл – қоршаған ортаны қорғау үшін өте маңызды қадам.

Әсем Қабылбек, тілші:

– Біздің жеріміз – жылдың төрт мезгілі түгел үйлескен санаулы мемлекеттердің бірі. Қысы мен жазы, күзі мен көктемі бір-бірін толықтырып тұрады. Инфрақұрылым, қызмет сапасы, үйлестіру ісінде өзгеден үйренер көп. Дегенмен өзіміз өз елімізде демалып, өзімізді танып, ақшаны да өзімізге жұмсамасақ, «көрікті мекендерді» тек кинодан көріп жүре береміз. Щучинск қаласындағы шаңғы базасы жылдың төрт мезгілінде де іс-шара өткізуге арналған.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Жандос Битабаров, Арман Ештаев, Антон Болтуршевич

Осы категория бойынша: « Түркістан облысында туризм саласына жаңа VR технологиясы енгізілуде Павлодарда «Ertis cinema» кинофестивалінің ашылу салтанаты өтуде »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы