368,46 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда «Ertis cinema» кинофестивалінің ашылу салтанаты өтуде

  • 371
  • UPD: 19:54, 11.07.2018

Павлодар өңірінде «Ertis cinema» І халықаралық кинофестивалінің шымылдығы түрілді.

Осы минуттарда облыста бұрын ұйымдастырылмаған ауқымды шараның ашылу салтанаты өтіп жатыр.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Қазақтың атақты әртісі, режиссер Шәкен Аймановтың туған жерінде «Ertis cinema» кинофестивалі ашылды. Халықаралық деңгейдегі шараға қатысуға 21 елдің өкілі ниет білдіріп, 200-ден астам туындысын тапсырған. Олардың қатарында Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Беларусь, сонымен қатар еуропалық кинорежиссерлер бар. Ал ашылу рәсіміне бес елдің делегаттары келді. Айта кетейік, фестиваль қысқаметрлі документалды және ойын киноларына арналған. Олардың қатарына классикалық жанрдан бастап, андеграуд жанрында түсірілген туындылар көп. Арасында әскери, комедия, мәдениет, әлеуметтік драма, бүгінгі қоғамның мәселелерін ашатын жанрларда орындалған шығармалар жетерлік. Жалпы қысқа тізімге 70-ке жуық туынды іріктеліп алынды.

Халықаралық фестивальге ұсынылған фильмдердің көрсетілімдері үш күн бойы жергілікті кинотеатрларда ұйымдастырылады. Қалың көрермен үшін барлығы тегін. Киносүйер қауым назарына конкурстық және конкурстық емес шығармалар ұсынылады. Бас-аяғы 100-ге жуық ойын және документалды туынды бар.

Фестивальдің қазылар алқасы қатарында жазушы, сценарист, Қазақстан киноматографистері одағының төрағасы Ермек Тұрсынов, Ресейдің халық әртісі Владимир Хотиненко, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тәуекел сияқты тұлғалар бар. Фестивальдің қорытындысы сенбі күні жарияланады. Байқауда бағы жанған режиссерлерге ерекше сый әзірленді. Көрермендердің қошеметінен бөлек, жеңімпаздарға алюминийден жасалған мүсіншелер табысталады. Оның өзіндік сыры бар. Себебі қанатты металл Ертіс өңірінде балқытылып, жергілікті мүсіншілердің қиялынан туған.

Осы категория бойынша: « Щучинск қаласында ашылған шаңғы базасы жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істейді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі тағайындалды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы