365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бес жылдан кейін Қазақстанға келетін шетелдік туристер саны 8 млн-ға жуықтайды

  • 323
  • UPD: 22:11, 11.07.2018

Бес жылдан кейін елімізге келетін шетелдік туристер саны 8 миллионға жуықтайды. Қазақ туризм компаниясы төрағасының орынбасары

Қайрат Сәдуақасов осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ішкі туризм де қарқынды дамып келеді. Тек биыл жыл басының өзінде бұл көрсеткіш 20 пайызға артқан.

Елімізде туризмді дамыту үшін барлық қажетті, мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдай бар. Осы ретте Үкімет өзінің ұзақ мерзімді дамуы жөніндегі бағдарламасында туризмді экономиканың маңызды салаларының бірі ретінде жариялады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Туризм барлық дүниежүзілік экономиканың 10% құрайды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Біз 2025 жылға дейін экономикамыздың 8% туризм секторы құрайды деген ойдамыз. Ол үшін өте көп жұмыс істеу керек. «Рухани жаңғыру», «Нұрлы жол» бағдарламалары, инфрақұрылымды дамыту жоспарларымыз  осы мақсатпен тікелей байланысты. Қазақстанда көретін, баратын жерлер өте көп. Даланың, таудың өзі басқа елдер үшін өте қызықты. Оны тек көрсете білуіміз керек.

Қазіргі таңда шетелдіктерді Қазақстанның туристік әлеуеті жайында хабардар етудің көптеген жолдары бар. Отандық мамандар түрлі халықаралық көрмелер мен басқосулар аясында еліміздің ең көрікті әрі тартымды жерлері туралы насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтиже де жоқ емес.

Мәселен, былтыр отандық курорттарда демалған туристер саны 5 миллионнан асып жығылса, жалпы саяхаттап келген шетелдіктердің қатары 7,7 миллионнан асты. Олардың тек 2 жарым миллионы ғана турист болды. Шамамен 5 жылдан кейін шетелдік туристердің саны 3 есе артуы тиіс.

Туристердің сүйікті жерлерінің бірі – Каспий жағасындағы демалыс орындары. Тек соңғы бір айдың ішінде мұнда 30 мың саяхатшы келген. «Бұл – жағажай туризмін дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстардың жемісі», – дейді жергілікті билік. Теңізді жағалай 45 шақырымға инженерлік желілер тартылып, демалыс орындарына газ, су мен электр энергиясы жеткізілді. 2 шақырымдай жағажай абаттандырылып, халықтың тегін демалуына мүмкіндік жасалды.

Демеуғали Бақов, қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:

– Адамдарды қолайлы демалыс орындарына бағыттау мақсатында Ақтау қаласынан қашық жерде 18 демалыс орны бар. Сол жерлерге апаратын тегін автобустар ұйымдастырдық. Қала тұрғындары мен қала қонақтары тегін автокөлікпен барып, кешке қайта алады.

Еліміздің барлық өңірлерінде туристік инфрақұрылымдарды жетілдіру жұмыстары жүзеге асып жатыр. Маңғыстаудағы «Кендірлі», Ақмола облысында «Бурабай» мен Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауындағы «Жаңа Іле», Алакөл жобалары солардың қатарында. Келешекте Ақкөл, Қатон-қарағай демалыс орындарын дамытуға басымдық беріледі. Сонымен қатар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойындағы туристік кластерлер де – маңызды жобалар. Тұтастай алғанда, халықаралық стандарттарға сай келетін 48 нысан құру көзделген. Жаңа туристік бағыттар пысықталып жатыр. Тізімде қала туризмі, белсенді және санаторийдегі демалыс, тарихи-мәдени туризм мен экотуризм бар.

Қайрат Сәдуақасов «Қазақ туризм» ҰК басқарма төрағасының орынбасары:

– Үкімет алдағы 5 жылда дамытылатын 10 аймақты анықтады. Оларға бюджет тарапынан қажетті қаражат бөлінеді. Бұл курорттар арасында Щучинск, Балқаш, Алакөл, Маңғыстау, Баянауыл бар. Қазір біз туризмді дамыту үшін 11 халықаралық бағытты қарастырып отырмыз. Ең алдымен Ресей мен Қытай, Батыс Еуропа, Германия, Голландия, Ұлыбритания, Малайзия елдерінде қазақстандық туризмді насихаттаймыз.

Болашақта «Қазақ туризм» компаниясы бұл саланы цифрландыруды қолға алмақ. Жаңа технологияларды енгізу – заман талабы. Осы орайда «Е-туризм» порталы іске қосылады. Бұл портал арқылы отандық және шетелдік туристер демалатын орындар, ондағы қонақүйлер, көрікті жерлер туралы ақпаратпен электронды түрде таныса алады.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ғани Алшымбаев

Осы категория бойынша: « Еліміздегі бірнеше туристік жоба 2023 жылға дейін жүзеге асырылады Теміртаудағы «Linde Gas Kazakhstan» серіктестігі екінші ауа бөлу нысанының құрылысын бастады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы