365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде «Қазақстанның үздік тауарлары» байқауының облыстық кезеңі өтті

  • 253
  • UPD: 10:30, 12.07.2018

Ақтөбеде «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық көрме-байқауының облыстық кезеңі өтті.

9 номинация бойынша үздік кәсіпорындар анықталып, республикалық конкурсқа жолдама алды. Үздіктер  4 жыл бойы байқау белгісін жарнамалық мақсатта пайдалана алады.  

Ақсәуле Байменшина, тілші:

- Көрмеге 40-тан астам кәсіпорын қатысып жатыр. Биылғы жылдың ерекшелігі, қатысушылар аудандардан келді. Олардың көбі ауыл шаруашылығы тауарын өндіріп отырған қожалықтар. Тағы бір айта кететін жәйт, өткен жылы «Бастау» жобасына қатысқан кәсіпкерлер де көрмеге өз өнімдерін әкелді.

Батыс аймақта өрт сөндіру жабдықтарын шығаратын жалғыз зауыт көрмеге өз тауарларын қойды. 2012 жылы ашылған кәсіпорын нарықта орнын тапқан. Зауыт өрт сөндіргіштердің 10-нан астам түрін жасайды. Тапсырыс берушінің қалауы бойынша, түрлі көлемдегі жабдықтар дайындайды. Сәулемен кесетін заманауи 3  желі жылына 100 мыңға жуық өрт сөндіргіш шығарады. Зауытта 50 адам тұрақты еңбек етеді. Бүгін олар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясы бойынша үздік атанды.

Қайрат Дәулетов, зауыттың коммерциялық директоры:

- «Қазақстанның үздік тауары» конкурсы біздің жергілікті тауарөндірушілерге өз өнімін көрсетуге мол мүмкіндік береді. Көрме-байқау кезінде әріптестер тауып, тиімді келісімдер жасауға болады.

Көрме-байқауға қатысқан кәсіпорындар түрлі салаға қажетті өнім шығарып отыр. Азық-түлік, тұрмыстық химия, құрылыс материалдары, кәдесыйлар мен шаруашылық заттары қойылған. Ауыл кәсіпкерлері болса, ұлттық тағам түрлері мен макарон өнімдерін әкеліпті.

Бауыржан Дәрқұлов, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

- Ауылдағы кәсіпкерлерді біз белсенді қатыстырып жатырмыз. Атап кететін болсақ, бізде «Бастау» жобасы іске асып жатыр. «Бастау» жобасы бойынша екі түлегіміз Темір ауданында бітіріп, бірі макарон, бірі  әжетхана қағазын шығарып отыр. Сол екі жас кәсіпкер бүгін қатысып отыр. Бұл жердегі тауар өндірушілердің көбі мемлекет тарапынан көмек алғандар.

«Қазақстанның үздік тауары» сыйлығы отандық өнім сапасын жақсарту мақсатында және кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру үшін 2006 жылы Елбасының тапсырысымен тағайындалған болатын. Содан бері өңірден бірнеше  кәсіпорын қатысып, жеңімпаз атанды. Бұл жолы 9 кәсіпорын өз өнімін апаратын болды.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Осы категория бойынша: « Елордада «Медиа 2020» конференциясы басталды Елордада «Меdia 2020» халықаралық конференциясы өтіп жатыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы