365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада үлгілі сот жобасы қалай жұмыс істейді

  • 286
  • UPD: 19:46, 12.07.2018
Астанада үлгілі сот жобасы қалай жұмыс істейді

Астанадағы Сарыарқа ауданы сотының ғимаратында фронт-офис құрылды.

Мұнда келушілер барлық қажетті қызметтерге бір жерден қол жеткізе алады. Бұл мекеме «Мінсіз судья» бағдарламасы аясында пилоттық жоба ретінде ашылды.

Сарыарқа аудандық сотындағы процестің бүгінгі көрінісі осындай. Бұдан былай судьямен кездесуге келе алмағандар скайп бағдарламасы арқылы онлайн түрде қосылып, сот ісіне толыққанды қатыса алады.

Арман Жүкенов, Сарыарқа аудандық сотының төрағасы:

- Алдымен, сотқа мобильді бейнеконференция арқылы қатысуға өтініш жолдайсыз. Судья өз келісімін бергеннен кейін сот ісі қаралады. Сіз бөлмеде болып жатқанның бәрін естіп, көріп тұрасыз.

Күн сайын бұл сотқа 70 адам келеді. Олар бұрынғыдай сағаттап кезекте отырмайды. Заман талабына сай электронды жүйе барлық келушілерге ыңғайлы болып тұр.  

Арман Жүкенов, Сарыарқа аудандық сотының төрағасы:

- Сотқа келген адам өзінің жеке куәлігін аппаратқа тигізеді. Ол тез арада сіздің ісіңіз туралы барлық қажетті ақпаратты экранға шығарады. Сіздің кезегіңізді де көруге болады. Бұрынғыдай судьяның көмекшісін күтпей, жоғарыға көтерілесіз.

Судьяның кабинетіне кірмес бұрын, жергілікті адвокатпен кездесіп, тегін қызмет ала аласыз. Келесі бөлмеде медиатор отырады. Сотқа жүгінген тараптар іс қозғамай, өз мәселесін татуластыратын судья арқылы шешуіне барлық мүмкіндік жасалған. Ал егер сот ісі басталып кетсе, бұрынғыдай ұзақ уақытқа созылмайды. Себебі, қазір судьяларда қағазбастылық азайған. Тіпті әрқайсының құжат жүргізуші көмекшісі бар.

Мадина Шохметова, судьяның көмекшісі:

- Біз судьялардың жұмысын азайтуға тырысамыз. Сондай-ақ сот істері сапалы жүргізілуі үшін барымызды саламыз.

Бұған қарап судьялардың жұмысы жеңілдеді деп айтуға келмейді. Сарыарқа аудандық соты былтыр 8 ай ішінде 8 мың істі қараса, биыл жарты жыл ішінде 15 мың іс қарап үлгерді.

Нұрсерік Шәріпов, соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

- Сот халық үшін, келуші үшін жасалған жағдай келген өтініштерді дер кезінде қабылдап, шешіп, яғни ішкі процедураларды жақсарту. Осыны көздеп отырмыз.

Үлгілі сот пилоттық негізде 2 ай бұрын іске қосылған. Оған бюджет тарапынан 11 миллион теңге бөлінді. Қазір еліміздің тағы 6 өңірінде осындай сот ашу жоспарда бар.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ғани Алшымбаев

Осы категория бойынша: « Депутаттар Ақмола облысының зауыт қызметкерлерімен кездесті Қолы жоқ – орманы бар, өзі жоқ – арманы бар! »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы