365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмолалық кәсіпкерлер ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр

  • 165
  • UPD: 08:11, 16.07.2018
Ақмолалық кәсіпкерлер ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр

Астананың іргесінде орналасқан Волгодоновка ауылында 30-дан астам жеке кәсіпкерлік нысаны тіркелген.

Одан бөлек үй жанынан бау-бақша өсіріп, егіншілікпен нәсібін айырып отырғандар қаншама. Ал елді мекендегі 4 бірдей ірі серіктестік жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі – кірпіш зауыты.

Қадырбек Бекейхан бұл зауытта биыл көктемнен бастап жұмыс істеп келеді. Бұрын тек мал бағумен айналысқан жігіт ағасы бүгінде мұндағы техникалардың тілін мықтап меңгеріп алған.

Қадырбек Бекейхан, Волгодоновка ауылының тұрғыны:

- Алғаш келгенде осы техниканы оқытып-үйретті. Жұмысым осы. Камаздарға артып беремін. Үйім осы ауылда. Үйдің іргесінде. Айлық табыс та жаман емес. Осы жаз бойы істейміз күзге дейін. Қыста күзетін істейміз. Қыста жұмыс тоқтайды ғой.

Зауыт жазда ғана жұмыс істегенімен, 40 шақты адамды еңбекпен қамтып, бір маусымда 5 млн дана кірпіш өндіріп отыр. Ал өндіріс ошағы, жергілікті кәсіпкердің өз күшімен салынған. Яғни мемлекеттен ешқандай көмек көрсетілмейді. Дегенмен жоспарлары үлкен. 

Қызыр Қапас, зауыт директоры:

- Алдағы жоспарымыз – осы зауытты үлкейтіп, қыста жұмыс істеуге көшу. Қыста жұмыс істейтін болсақ, 80 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге болады. Алдағы жоспарымыз – сол ауылға да көмек жасау.   

Волгодоновка ауылында бүгінде бір мыңнан астам адам тұрады. Астана іргеде болғанымен, көбісі үй жанынан екі қолға бір күрек тауып отыр. Енді алдағы уақытта елдімекенде инфрақұрылым жақсарып, әлеуметтік нысандар тұрғызылады. «Сондықтан ауылдың әлеуеті арта түседі», – дейді жергілікті билік өкілдері. 

Жанат Күселбаев, ауыл әкімі:

- Бізде ауыл ішіндегі жолдар шешілмей келе жатқан мәселе болатын. Міне, биыл облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, біздің округке қарасты Қойгелді, Волгодновка және 42-разьезд ауылдарының жолдары жөнделетін болды. Одан бөлек, осы жылы 140 орындық балабақша құрылысы басталады.

Айта кетейік, алдағы жылдары ауыл жанынан тағы бірнеше өндіріс ошағы іске қосылып, оларда 100-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Осы категория бойынша: « Қызылорда облысында сотталғандардың 81 пайызы түрлі кәсіппен айналысады Ақмола облысында биыл ет өндірісі артады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы