369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2018 жылы Ақтөбе облысында 720 шақырым жол жөнделеді

  • 335
  • UPD: 11:46, 16.07.2018

Бұл мақсатта бюджеттен 43 миллиард теңге бөлінді.

Ал Семейде жол жөндеушілер түнгі жұмыс ауысымына көшкен. Күндіз көлік нөпірінің көп болғандығынан асфальт жабындысын қас қарая ауыстыруға мәжбүр. Ал еліміздің батысында көшелер жаңғыртылуда. Батыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін 50 көшеге асфальт төсеу жоспарда бар.

Орал қаласында былтыр жол құрылысына 8,1 миллиард теңге жұмсалса, биыл 7 жарым миллиард теңге бөлінді. Кең ауқымды жол жөндеу жұмыстарының шарапатын көріп, шапағатын сезінгендердің бірі – Теміртау көшесінің тұрғындары. Осында он жылдан бері тұратын Юлия Губарьдың айтуынша, бұрын көшемен жаяу жүрмек түгілі машинамен өтудің өзі мұң болыпты. Жазда ала шаң аспанға көтерілсе, көктем-күзде жергілікті жұртшылық толарсақтан саз кешкен екен. Енді ол қиындық артта қалды.

Юлия Губарь, қала тұрғыны:

- Былтыр келіп, жолды жөндейміз дегенде сенген жоқпыз. Бұрын да талай мәрте айтылып, аяқсыз қалып жүрді ғой. Ал қазір керемет. Балаларымыз жауын-шашында батпаққа батпай, мектепке мұнтаздай боп барып келмек. Тротуар да төсеп қойды. Алғысымыз шексіз!

Ал Семейдің орталық көшелерін жаңартуға кіріскен құрылысшылар болса түнгі ауысымда жұмыс жасауға мәжбүр. Кешкі сегізден бастап таңғы төртке дейін 20 ауыр жүк көлігі тыным таппайды. Бұл жерде шамамен 2 шақырым жолды жөнге келтіру қажет. Жалпы, қаладағы 14 көшеге орташа және күрделі жөндеу жасауға жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Жасар Түсіпов, қалалық жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы:

- Қабанбай батыр көшесі бойында базар орналасқандықтан күндіз бұл жерде көлік ағымы өте тығыз. Сондықтан түнде жұмыс жасаймыз. Бұған дейін Титов, Рысқұлов, Найманбаев көшелерін бітірдік. Абай көшесі мен сол жағалаудағы айналма жолдарда күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жобаларға облыстық және қалалық бюджеттен 400 миллион теңге бөлінген.

Бұл өткелді Ақтөбе қаласы көшелерінің негізгі күре тамырының бірі десе де болады. Себебі Әлия Молдағұлова және Кеңес Нокин даңғылдарын теміржол арқылы байланыстырып тұрады. Алайда 1 шілдеден бастап өткел арқылы кез келген көліктің қозғалысына шектеу қойылды. Қазір бұл жер үлкен құрылыс алаңына айналды. Мамандар бір жарым айдан кейін дәл осы өткелдің астынан төрт жолақты жаңа автокөлік жолы дайын болады деп сендірді.

Бұл өткел мен айналма жол бірден Мәншүк Мәметова, Ғазиза Жұбанова және Тургенев пен Әлия Молдағұлова көшелеріндегі көлік нөпірін азайтуға көмектеседі. Сазды өзенінің үстінен салынған көпір құрылысы да жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Жалпы, облыс орталығында 18 көшені жөнге келтіру жоспарланған. Ал облыстың асфальт жабындыларын жаңартуға 43 миллиард теңге бөлінді. Жүргізушілерді әбден мезі қылған Ақтөбе-Атырау тасжолын да жаңалау жұмыстары басталып кетті.

Аязбай Османғалиев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі:

- Биыл 2-16 километрге дейін Ақтөбе-Болгарка жолын мемлекеттік комисиямен тапсырамыз. Ол жұмыстың ар жағы да жалғасын тауып тұр. 16-62, 62-82, 82-100-километрде мердігерлер бар. Жұмыстарын бастап кетті.

Жыл соңына дейін Ақтөбе облысында 400 шақырым асфальт жабындысын жаңартып, қолдануға беру көзделген. Қалғандары келесі жылдары жалғасатын жобалар. Оның ішінде халықаралық, республикалық және жергілікті маңыздағылары да бар.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Ерденбек Жылқайдарұлы, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Осы категория бойынша: « Ақмола облысында «Нұрлы жер» бағдарламасымен 270 үй салынады Жамбыл облысында ауылшаруашылық техникалары 10 пайызға жаңарады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы