374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шетелдік сәулетшілер елордада Еуразиялық сәулет академиясын ашуды ұсынды

  • 287
Шетелдік сәулетшілер елордада Еуразиялық сәулет академиясын ашуды ұсынды

Шетелдік сәулетшілер Астанада Еуразиялық сәулет академиясын ашуды ұсынды.

Бұл туралы халқаралық сәулетшілер конгресінде айтылды. Мамандар екі күн бойы сәулет өнерін дамытудың қыр-сырын талқылап, тәжірибе алмасады. Сондай-ақ үздік инновациялық жобалармен танысады.

Көпшілік назарына ұсынылған технологиялардың бірі – «ақылды» домофон. Оның айырмашылығы, сізбен тілдесе алады. Қажет жағдайда дабыл қағып, тұрғындарға оқыс оқиғаны хабарлайды. Бақылау камералары 24 сағат жұмыс істейді. Көбіне үйге кірер алдында жасалатын қарақшылық шабуылдардың алдын алуға сеп. Мұндағы арнайы батырманы бассаңыз, полицияға хабар түседі.

Тимур Ахунжанов, IT маманы:

– Нарықты зерттей отырып, мобильді бағдарлама жасау керектігін түсіндік. Домофон жұмысын ұялы телефон арқылы басқаруға болады. Мәселен, сіздің үйіңізге қонақ келсе, осы бағдарлама арқылы кім келгенін көріп, есікті аша аласыз. Үйде жоқ уақытта кім келгенін көруге мүмкіндік бар. Қазір жаңа технологияны Астанадағы бір тұрғын үйге орнаттық. Ал күзге дейін тағы жиырмасын іске қосамыз. 

Конгресс қатысушыларының мүддесі бір. Астананы ақылды қалаға айналдыру. Оның ішінде инновациялық жобалардың санын арттыру көзделіп отыр. Әсіресе, Ұлыбритания, Болгария, Ресей мен Швецияның сәулетшілері әлемдік сәулет өнерінің жетістіктерін енгізе отырып, ұлттық нақыштарды ұмытпау керек деген пікірде. Болашақта қоғамдық орындарды көбейтіп, тұрғындардың қарым-қатынас орнатуына жағдай жасауды ұсынды. Осы мақсатта 50-ге жуық орын таңдалды.

Игорь Воскресенский, Ресей Сәулетшілер одағының вице-президенті:

– Кез келген елдің архитектурасында өзіндік ұлттық бояу, нақышы болады. Оған қоса әлемдік бағыт бар. Бүгінде сәулетшілер электр энергиясын үнемдейтін жобаларға көп көңіл бөлуде. Сондықтан біздер ұлттық нақышты заманауи талаптармен ұштастыра отырып, креативті дүниелерді ойлап табуымыз қажет. Осы жолда бірге жұмыс істегеніміз жөн.

Ресейлік сәулетшінің пікірін өзге әріптестері де қолдайды. Сондықтан болар, Астанада Еуразиялық сәулет академиясын ашуды ұсынды. Ондағы мақсат – жас сәулетшілерді оқытып, өзара тәжірибе алмасу.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Серік Қонарбаев, Асхат Қарақойшиев

Осы категория бойынша: « Петропавлда абаттандыру жұмыстары қарқын алды Ақтауда аптап ыстықтан су тапшылығы сезіліп отыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы