365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Арал маңындағы Қамбашта туризм аймағы құрылады

  • 352
  • UPD: 12:34, 17.07.2018

Арал маңындағы Қамбаш көліне келуші қазақстандықтармен қатар шетелдік туристер де көбейген.

Өткен жылы шипалы айдын жағасында 71 мың адам демалса, биылдың өзінде бұл сан 60 мыңға жеткен. Осыған орай жағажайдағы 500 гектар жер туристік аймаққа айналмақ.

Джанкарло – италиялық турист. Ол Қамбашқа Қазақстандағы достарымен бірге келген. Шетелдік мейман құмның ортасындағы көк айдынды көріп, тамсанғанын жасырмады.

Джанкарло, италиялық турист:

- Қазақстандағы достарыма қыдырып келген болатынмын. Олар мені Арал маңындағы кереметтермен таныстырды. Әсіресе Қамбаш көлінің мөлдір әрі шипалы суы ұнап қалды. Бұдан кейін Қазақстанға, оның ішінде Қамбаш көліне жиі келіп тұрамын.

Тұздылығы төмен, суы мөлдір әрі шипалы көлге Ресей азаматтары да жиі келеді екен. Соның бірі – Гүлнәр Ликинцева.

Гүлнәр Ликинцева, ресейлік турист:

- Бұл жер маған ұнап қалды. Нағыз курортты демалыс аймағын салатын орын екен. Жақында Түркияда болғанмын. Ол жақтың суы дәл Қамбаштікіндей таза деп айта алмаймын. Мұнда көлдің табаны көрініп тұр. Жақсы демалыс болды, керемет әсерге бөлендім.

Отандық және шетелдік туристердің қызығушылығын тудырған Қамбаш жағасынан алдағы уақытта тиісті талаптарға сай туристік аймақ құру жоспарда бар. «Демалыс кешінінің бас жоспары да дайын, енді оған инвестор тарту жұмыстары жүріп жатыр», – дейді мамандар.

Бектемір Жұмағұлов, Арал аудандық туризм және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:

- 494 гектар жер учаскесі Қызылорда облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасынан Арал ауданының меншігіне алынды. Қазіргі күні 150 гектар жерге егжей-тегжейлі жоспарлау жұмысы жасалып, ол жерге коттеджді қалашықтар, басқа да демалыс орындарын саламыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл жоспарланған шаралар жуық арада жүзеге асады деп күтіп отырмыз.

Ал әзірге 2 гектар жерде жергілікті 27 кәсіпкер туристерге қызмет көрсетіп жатыр. Бұған дейін көл жағасына су, жарық желілері тартылып, жаяу жүргіншілер жолы мен автотұрақ мәселесі шешілген болатын. Сонымен қатар Қамбаштың Майшығыр атты жағалауында да абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары басталып кетті.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтманбетов

Осы категория бойынша: « Түркістан облысының төрт ауылы ауызсусыз отыр Жекешелендіру: 8 нысан саудаға қойылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы