364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Синоптиктер: Оңтүстіктегі аптап ыстық шілденің екінші жартысында да сақталады

  • 281
  • UPD: 19:54, 17.07.2018
Синоптиктер: Оңтүстіктегі аптап ыстық шілденің екінші жартысында да сақталады

Төтенше жағдайлар қызметі бүгін Қызылорда облысында ауа температурасы 42 градусқа дейін көтерілетіні туралы дабылды ескерту жасады.

Күннің ыстығы Түркістан облысында да басылмай тұр. Синоптиктер мұндай жағдай шілденің екінші жартысында да сақталатынын айтады.

Шіліңгір шілде оңтүстік өңірлерде қатты сезіледі. Көшеде түрлі сусынның саудасы қызып тұр. Бұл ыстық құйқаны қуырып, таңдайды кептіргенмен, күйбең тірліктегілердің нөпірі басыла қойған жоқ.

Салқын сая іздегендер өзен-көлдің жағасына барып, байыз табады. Өкінішке орай жазғы шомылу маусымы басталғалы, Қызылорда облысында 8 адам суға кеткен. Оның екеуі – бала.

Бақыт Ембергенов, ҚР ТЖМ «Оңтүстік өңірлік аэромобильдік жедел құтқару жасағы» ММ басшысы:

– Түнгі мезгілде суға түсушілер пайда болды. Адамдар күннің ыстық болуына байланысты бала-шағасымен суға шомылуда. Соған байланысты түнгі мезгілге рейдтер ұйымдастырып жатыр.

Бүгінде жедел-жәрдемнің телефон тұтқасына да тыным жоқ. Шақырту әдеттегіден еселеп артып отыр. 

Анар Қожахметова, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының аға дәрігері:

– Облыстық жедел-жәрдем станциясына ауа райының күрт ысуына байланысты тәулігіне шақырылу кешегі аймен салыстырғанда, 1600-ге дейін көтеріліп отыр. Оның ішінде ең көп шақырыстар қан-тамыр жүйесінің ауруларына байланысты.

Ал Қазгидромет синоптиктері оңтүстік өңірлерде алдағы үш тәулікте күннің қатты ыситындығын айтады. Ауа температурасы бұл күндері +43 градустан жоғарылайды. Жауын-шашын күтілмейді. Аздап жел тұруы да ықтимал.

Динара Айтмырзаева, инженер-синоптик:

– Ауа температурасы шамамен облыс бойынша 35-40, кей жерлерде 43 градус ыстық күтілуде. Бұл кіші Азия аудандарынан ыстық ауа ағынының келуінің әсерінен болып жатыр. Жел облысымыздың кей жерлерінде шығыстан және солтүстік-шығыстан 15-20 метр секундқа жетуі мүмкін. Қауіпті ауа райы күтіліп тұрған жоқ.

«Шілденің екінші жартысында Түркістан облысы мен Шымкент қаласында да аптап ыстық орын алады», – дейді ауа райын болжаушылар. Күннің күрт ысуынан өңірде электр энергиясын тұтыну көлемі артқан. Себебі қатты ыстық кезінде үйде немесе кеңселерде ауа баптағыш кондиционерлер мен желдеткіштерді қосып қою жиілеген. «Мұндай құрылғының барлығы қуат көзінен нәр алатындықтан, жарықты пайдалану жағдайы жоғарылаған», – дейді сала мамандары.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Осы категория бойынша: « СҚО-да мал мен құс жаппай қырылуда Семейде тасқын судан үйлері зақымданған отбасылар баспаналарына орала алады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы