365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында кәсіпкер мен ауыл әкімі арасындағы жер дауы ушығып тұр

  • 397
  • UPD: 22:13, 17.07.2018

Қостанай облысының Архипов ауылында шаруашылық басшысы «әкім бизнесіме зиян тигізбек болды» деп шағымданса, әкім диқанның жайылымды пайдалануда заң бұзғанын айтады.

Облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа іс-қимыл департаменті басшылығы ауыл әкімі «қызметіне салғырт қарады. Жергілікті халықпен есептеспей, өз бетінше шешім қабылдады» деген ұйғарым жасап отыр.

Меңдіқара ауданындағы Архипов ауылының жем-шөбін әуелден жергілікті «Заря» акционерлік қоғамы дайындап келеді. Алайда ауыл әкімі биыл бұл шаруашылықпен жасалған бұрынғы келісімшартты ұзартудан бас тартады. «Олар тиісті талаптарды орындамайды», – дейді жергілікті басшы. 

Әділбек Кәкімбеков, Михайлов ауылдық округінің әкімі:

– Біз ол кісілерге меморандум бойынша 825 гектар бердік. Ал біздің жеріміз – 1729 гектар жер. Сонда бұлар меморандумның сыртында заңсыз 904 гектар жер көлемін пайдаланып жатыр. Бұл жерде шөп өсу керек, шөпті бұлар мал жайылымына пайдалану керек, бұл кісілер ол жерде егін салады.

Сол үшін де ауыл әкімі мал азығын дайындау үшін өзге шаруашылықпен келісімшарт жасауға талпынады.

Бұл заңға қайшы емес. Әйтсе де, әкім шешімімен келіспеген акционерлік қоғам басшысы бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау жобалық кеңсесіне шағым түсірген.

Александр Климко, шаруашылық басшысы:

– Біз ол жерге 18 мамырға дейін көктемгі дала жұмыстарын жүргіздік. Оған 10 млн теңге көлемінде қаржы шығындадық. Келісімшарт мерзімі біткені соншалықты маңызды деп ойламаймын. Әкім бізбен жұмыс істегісі келмей отыр. 

Қазіргі таңда Михайлов ауылдық округі әкімінің үстінен қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Осыған байланысты бір ай қызметінен уақытша шеттетілген. Бүгін облыстық әдеп кеңесі оны жұмыстан біржола шығару туралы шешім шығарды. Енді оны аудан әкімдігіне жолдамақ. Алайда Әділбек Кәкімбеков өзінің ешқандай заң бұзбағанына сенімді. Ол тек өз округіне тиесілі аймақты қорғағанын айтады. Сондықтан сотқа жүгінбек.

Әділбек Кәкімбеков, Михайлов ауылдық округінің әкімі:

– Сұлы, бидай ол жерде егілмеу керек. Ол заңсыз. Мен атқарушы органдарға сұрау жібердім. Ол кісілер ешкімді тексермейді. Маған жауап келеді, «біз тексермейміз» деп, сонда кім тексереді? Қазір адвокат жалдадым, сот арқылы дәлелдейміз.

Мәселе әкімді қызметінен қуумен шешілмейтін сыңайлы. Себебі өңірде жайылым мен шабындық тапшы. Атап айтсақ, Михайлов ауылдық округі аумағында екі жыл бұрын кооператив ашылып, ірі-қара саны 2000 басқа көбейген. Мал басына шаққанда, ауыл тұрғындарына қосымша 24 мың гектар жер қажет. Ал басы дауға іліккен әкім келісімшартты кооператив мүшелерінің мүддесі үшін өзгертпек болғанын алға тартады.

Авторлары: Абылай Мауданов, Сергей Трахтенберг

Осы категория бойынша: « Алматыда жаңа медициналық орталық ашылды Қазақстанда «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы