365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде дәрі-дәрмек сатып алу электрондық форматта жүргізілмек

  • 251
  • UPD: 21:46, 18.07.2018

Елімізде дәрі-дәрмек жеткілікті, бірақ қолға тие бермейді.

Себебі өңірлер тапсырысты дұрыс жүргізбеген. Енді оның зардабын науқастар тартып отыр. Айталық, кей өңір дәріні артығымен сатып алса, енді бірінде емге жоқ. Ал артығымен алған аймақтарда препараттар пайдаға жарамай, қоймаларда жатыр. Мемлекеттік қыруар ақшасы желге ұшқаны былай тұрсын, жүздеген адам дертіне дауа таппай жаны қиналып жүр.

Алматылық Әсел есімді бойжеткен сирек кездесетін айықпас дертке шалдыққан. Қазір қаладағы емханалардың бірінде тізімде тұр. Дәрісін ішпесе, дерті асқынып кетуі мүмкін. Сондықтан ай сайын уақтылы дәрі-дәрмек қабылдайды. Былтыр жыл бойы тегін ем-домын алды. Биыл дәрігерлер дәстүрден жаңылды ма, жарты жылда бір рет қана беріпті. Дертіне дауа іздеген бармаған жері қалмаған.

Әсел, қала тұрғыны:

- Осы жылдың қаңтарынан бастап дәрі ала алмадым. Өзім сатып алуға ақшам жетпейді. Өйткені бір айға 100 мыңнан артық ақша керек. Емханадағылар: «Келесі аптада келіңіз, тапсырыс беріп қоямыз», – дейді. Әр хабарласқан сайын дәрі жоқ деген жауап аламын.

Біз жағдайды тегін дәрі-дәрмек жеткізетін мекеменің басшысынан сұрап білдік. Берік Шәріптің айтуынша, «СҚ-Фармация» қажетті препаратты емханаға дейін жеткізіп береді. Әрі қарай үлестіру солардың міндеті. Кей өңірлер сұрау жібергенде науқастарға қажетті препарат санын дұрыс есептемейтінін де айтады.

Берік Шәріп, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

- Кейбіреулер кей өңірлерде дәрі-дәрмек саны артық деп айтады. Кейбір кезде жетіспеушілік болады. Бұл мәселе жергілікті медициналық мекемелердің жылға дайындаған ұсынысы бойынша оның сапасына байланысты.

Елімізде тегін дәрі-дәрмек мәселесі әлі күнге шешімін таппай тұр. «Оны шешудің ең тиімді жолы – сатып алуларды электрондық форматқа ауыстыру», – дейді мамандар. Осы мақсатта бүгін электронды веб-портал іске қосылды.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қазіргі күнде біз әкімдерге тапсырма беріп жатырмыз. Науқастардың тізімін электрондық форматқа көшіріп, бүкіл регистрлерді жөндеп 1,2 айда жұмысты бітірсе, біз әрі қарай көреміз. Науқас келіп тіркелді. Оған ерекше диагноз қойылғанда, біз автоматты түрде қандай дәрі-дәрмек қажет екенін алдын ала жоспарлаймыз.

Енді тиісті таблеткалар тізімнен түсіп қалмас үшін сұраныс науқастардың санына қарай беріледі. Оған қоса дәрі жіберілгеннен кейін науқасқа смс хабарлама келеді. Осылайша жауаптылар дертіне дауа іздегендер дер кезінде ем домын алады деп сендірді. 

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Ғани Алшынбаев

Осы категория бойынша: « Қытайға халықаралық экспедиция аттанады Алматыда көлік қаққан бүлдіршін мүгедек болып қалуы мүмкін »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы