366.86 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкент қалалық әкімдігінде халықты қабылдау тәртібіне өзгеріс енгізілді

  • 198
  • UPD: 16:25, 19.07.2018
Шымкент қалалық әкімдігінде халықты қабылдау тәртібіне өзгеріс енгізілді

«Әкім бол, халқыңа жақын бол». Шымкент қаласының аудан басшылары енді тұрғындарды күнделікті қабылдайды.

Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов осындай талап қойып отыр. Бұған дейін аптасына бір рет қана қабылдау жүргізетін аудан басшылары енді күн сайын жұмыс уақытының алғашқы сағатында жүздесіп, мұң-мұқтажына құлақ асады. Абай ауданының әкімдігі қабылдауды бастап та кетті. Тұрғындар әкімге ауызсу, жарық мәселесі, білім саласында мектептердің қажеттілігі туралы өз талап- тілектерін жеткізді. Мәселен, 84 мың тұрғыны бар «Қатын көпір» тұрғын алабынан келген Ергеш Ғазиев өзі тұратын аумақта екі мектеп салынса деген өтінішін айтты. Себебі халық саны көбейіп келеді. Олардың 80 пайызы жеке сектордағы үйлерде тұрады. Сондықтан инфрақұрылымды толығымен жақсарту керектігін де алға тартты. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдаған аудан әкімі Бұхарбай Парманов бұл мәселелердің назарға алынатынын айтты. Алдағы уақытта әрбір шағын аудандарға барып кездесу өткізбек. Жалпы Абай ауданында Шымкент қаласы халқының 52 пайызы, яғни 322 мың адам тұрады.

Ергеш Ғазиев, қала тұрғыны:

- Мектеп мәселесімен келіп едім. Бізде 5-6 жылдан бері қарай 6 емхананың алдында бос жер бар еді. Арғынбеков көшесінде де бос орын бар. Сол мәселемен екі мектепті құрастырып салып берсе деген ниетпен келіп едім. Мәселенің шешіміне қуанып бара жатырмын. Бәрін қарастырып, осы жылдың аяқ жағында басталатындығын айтты.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

- Ендігі мақсатымыз мұны тек кеңсе де қабылдау емес, елді мекендегі тұрғындардың өзімен кездесіп жатырмыз. Қандай шешілмеген түйткілді мәселелер бар? Оны шешу жолдарын қарастырамыз. Абай ауданында 35 облыстың 4 ауданынан қосылған елді мекендер бар. Сол жерде осы инфрақұрылымдардың шешілмеген мәселелері бар.

Хабар 24 телеарнасы