365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында Баянауыл жолы жөнделіп жатыр

  • 174
  • UPD: 20:19, 19.07.2018
Павлодар облысында Баянауыл жолы жөнделіп жатыр

Павлодар облысындағы туристік әлеуеті жоғары аумақтардың жолдары күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.

Енді табиғаты әсем Баянауыл ауданына жету саяхатшылар үшін жеңілдей түспек. Жол құрылысына бюджеттен шамамен 10 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Қалқаман – Баянауыл аралығындағы тасжолға дәл осындай күрделі жөндеу бұрын-соңды жүргізілмеген. Көмір кеніштеріне қатынайтын ауыр техника күре жолдың тоз-тозын шығарған еді. Мердігер ұйымдар негізгі жұмыс жүріп жатқан 46 шақырымында жолдың ең астыңғы қабатын салып жатыр. Олар Қазақстан үшін жаңа ресайклинг тәсілін қолданады. Яғни бұрынғы асфальт инертті материалдармен араластырылып қайта төселеді.

Әсет Сіләмбеков, инженер-геодезист:

- Күніне 1200 метр жол жөнделеді. Барлығы 46 шақырым. Ауа райы қолайлы, уақытында бітіреміз. Қазір 38 шақырым жол жөнделді.

Майқайың кентінен Баянауылға дейін 80 шақырым. Биікке шығып, төменге түсетін соқпағы мен бұралаңы көп жолдың сапасы сын көтермейді. Жол салушылар ресайклинг тәсілі жолдың негізін күшейтіп, екі жиегін кеңейту үшін қажет деп отыр. Жұмыс қарқынын да арттырады екен.

Сұлтан Әлиасқаров, учаске басшысы:

- Бұл енгізілген жаңа тәсіл. Суық ресайклинг. Ерекшеліктері – уақыты қысқарады. Қазақстан бойынша солтүстік аймақтарда жұмыстың маусымы қысқа. Осы әдіс бойынша біз қысқа уақытта көп жолды салып бітіреміз.

Қалқаман арқылы Баянауылға өтіп, Қарағанды облысының шекарасына тірелетін 6 жол телімін орташа жөндеу үшін 6 миллиард 400 миллион теңге бөлініпті. Жол айрықтарымен 10 шақырым болатын автобанға тағы 3 миллиард теңге қарастырылған. Құны қымбатқа түскен жобаның қайтарымы бар. Бүгінде ішкі туризмді дамытуға ерекше мән беріледі.   

Талғат Қайратхан, «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК Павлодар филиалының бөлім басшысы:

- Республикалық маңызы бар жолда Қалқаман-Баянауыл-Үміткер жолында бес мердігер жұмыс істеп жатыр. Толық 260 шақырымды қамтиды. Ортаны жөндеу жаңа әдіспен істеліп жатыр. 1 қазанға дейін тапсырып үлгеруіміз тиіс. Жобалап отырмыз.

Жол жасау жұмыстары Баянауыл ауданына апаратын барлық бағытта жүріп жатыр. Қайталанбас көркем табиғатымен көз тартатын өлке жылына 150 мыңдай туристі қабылдайды. Демалыс аймағына келушілер, ең бастысы, жол азабынан арылатын болды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Осы категория бойынша: « Мамандар ресейлік нөмірмен жүргендердің айыппұл төлеуіне қатысты пікір білдірді Астанада баланы таяқпен тәрбиелеген тәрбиеші жұмыстан босатылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы