366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада баланы таяқпен тәрбиелеген тәрбиеші жұмыстан босатылды

  • 210
  • UPD: 21:43, 19.07.2018

Анау-мынау емес, Астанадағы мемлекеттік балабақша қызметкері сәбиге қол жұмсаған.

Баласы шағымданып келген ата-ана мән-жайды білмек болып бақылау камераларындағы бейнежазбаларды көреді. Баланың жалған айтпағанына көзі жеткен олар біздің арнамызға хабарласты.

Үш жасар Нәби тәрбиешісінің не істегенін анық көрсетіп отыр. Енді балабақшаға барғысы жоқ. Баласының денесінде шапалақтың іздерін көріп, Кәмила бірден балабақша меңгерушісіне барады. Бірге отырып ғимараттағы бақылау камераларындағы бейнежазбаны көрген. «Көріп, шошыдым», – дейді ана.

Камила Сейтқали, анасы:

- Жадыра апай не істегені камерада көрініп тұр. Бір баланы желкесінен ұрды, бір баланы басынан ұрды. Сосын менің баламның қасына отырып, камераны жауып отырып, бірдеңе істеді, көрініп тұр, құлағынан тартып, басынан ұрды.      

Камила айтып отырған бейнежазба осы. Міне, сол тәрбиеші бір баланы бетінен ұрып кетті, екіншісіне шапалақ берді, ал мынау ұйықтап жатқан баланы қолымен аяғынан ұстап аудара салды. Былай қарадық, былай көрдік, әрекетінен қатыгездіктен басқа мейірім көре алмадық. Білім басқармасы да бұл қызметкердің қылығын моральға қайшы деп таныпты.

Жазира Асанова, Астана қаласы білім басқармасының баспасөз қызметкері:

- Аталған №84 балабақшаның тәрбиешісі болған оқиғадан кейін жұмыстан босатылған болатын. ҚР Еңбек кодексінің 52-бабына сәйкес, өйткені кез келген баланың денсаулығына зиян келтірген қызметкерлер жұмыстан міндетті түрде босатылуы тиіс. Осы кісіні жұмысқа тәрбиеші ретінде тағайындаған әдіскерге қатаң сөгіс берілді. №84 балабақшаның әкімшілігіне білім басқармасы тарапынан ескерту беріп отырмыз.

Оқиға болған балабақшаға да бардық. Есілдің сол жағалауында орналасыпты. Іші де, сырты да көз қызығарлық. Екіқабатты ғимаратта жеделсатыға дейін бар. «Мінсіз көрінген мекеменің қызметкерлері қалайша мұндайға барды?» деген сауалымызға «Адамның аласы ішінде ғой» деген жауап алдық.

Динара Базарбай, балабақша меңгерушісі:

- Тәрбиеші болып жүргенде ол кісінің үстінен ешқандай арыз-шағым түскен жоқ, денінің саулығы жөнінде психикалық, физикалық жағдайы жөніңде барлық құзыретті органдардан арнайы анықтамалары бар. Осы екі күн ішінде тәрбиешілік қызмет жөнінде, педагогикалық әдеп жөнінде жұмыстар жүргізілді, бүгінде жүргізіліп жатыр. Жалпы баламен жұмыс жасайтын мамандарға үлкен сабақ болды деп ойлаймын.

Сабақ болғанына біз де сенейік. Аманат етіп тапсырып кеткен өзгенің баласына қиянат жасауға болмайтынын бұл мекеме қызметкерлері енді түсінген болар. Қалай дегенмен балабақша зорлықтың емес, тәрбиенің ордасы.

Авторлары: Мәншүк Мақсұтқызы, Ермек Кеншінбек

Хабар 24 телеарнасы