374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Кәріпбек Күйіков «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығының лауреаты атанды

  • 266
  • UPD: 21:54, 19.07.2018

«Атом» жобасының құрметті елшісі, белгілі суретші Кәріпбек Күйіков халықаралық «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығының лауреаты атанды.

Бұл мәртебелі марапатқа әлем бойынша 5 адам лайық деп танылса, соның бірі – отандасымыз. Сыйлық алдағы қазан айында Австрияда тапсырылмақ. Ал бүгін қылқалам шебері ердің жасы 50-ге толып, туған жері Қарағандыда шығармашалық есеп беру кешін өткізді.

Кәріпбек Күйіковтің ата-анасы ұзақ жыл Семей ядролық сынақ полигонынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Мыржық ауылында тұрған. Кейін Егіндібұлақ селосына көшіп келіп, өмірге Кәріпбек келеді. Алайда сынақтың зардабынан сәби екі қолсыз кемтар болып туады. Мамандардың айтуынша, сол уақытта полигон маңындағы елді мекендерде туылған әрбір 20-шы бала өмірге мүгедек болып келген.                      

Кәріпбек Күйіков, суретші:

- Бүгін қандай да бір жетістікке жетсем, ол бірінші кезекте ата-анамның арқасы. Дәрігерлердің үкіміне қарамастан, мені далаға тастамай, бағып-қағып, осы күнге жеткізді. Алты жасымнан бастап сурет сала бастадым. Қабілетімді алғаш байқап, қолдау көрсеткен, шығармашылық тұрғыда жетілуіме ықпал еткен де осы жүрегіме ең жақын адамдар. 

Бүгінде жасы 50-ге келсе де Кәріпбек Күйіков қылқаламын жанынан тастаған емес. Ол өз туындыларын аяғымен немесе аузымен салады. Ядролық қарусыздану қозғалысының белсенді мүшесі барлық еңбегінде өзі тәрізді сынақ қасіретін тартқан жандарды бейнелейді. Шығармашылық есеп беру кешінде суретші өзінің ең таңдаулы 50-ге жуық туындысын қойды. Өнер сыншылары жоғары бағасын беріп, ақындар жыр арнады.

Виктор Калмыков, эколог:

- Кәріпбектің әр картинасы үлкен әсер қалдырады. Ол өз туындыларында қылқаламның құдіретімен атом бомбасының зардабын көрсете отырып, әлемді аждаһадан бас тартуға шақырады. Өкінішке қарай, қазір жер-жаһанда ядролық қаруы бар мемлекеттер саны азайған жоқ. Сондықтан Кәріпбектің картиналарын біздің жарқын болашағымыз үшін жасалып жатқан үлкен күрес деп айтуға болады. 

Арнайы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда атом сынағынан зардап шеккендердің саны 1 миллионнан асады екен. Кәріпбек Күйіков әлемнің барлық елін ядролық қарудан бас тартып, Қазақстан бастамасына қосылуға үндеп келеді. Оның ұзақ жылғы бұл еңбегі ескеріліп, отандасымыз халықаралық «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығының лауреаты атанды. «Бұл әлемдік қауымдастықтың жаппай қырып-жоятын қару-жарақты таратпауға Қазақстанның қосқан үлесін мойындау болып табылады, – дейді кешке келген қонақтар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Осы категория бойынша: « Қарағандыда «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотека беріле бастады Петропавлда тұрмыстық қалдықтар полигоны өртеніп жатыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы