366.86 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жетім балаларды қамқорлыққа алудан Ақмола облысы көш бастап тұр

  • 196
  • UPD: 12:41, 20.07.2018

Ақмола облысында соңғы 10 жылдың ішінде 4 бірдей балалар үйі жабылды.

Яғни ондағы тәрбиеленушілердің барлығын ел тұрғындары асырап алған. Жетім балаларды қамқорлыққа алған қазақстандықтардың арасында Ақмола облысы көш бастап тұр. Мәселен, бір ғана Зеренді ауданының өзінде жергілікті тұрғындар 116 баланы бауырына басқан. Аталған ауданда патронат ата-аналардың бірінші облыстық форумы өтті.

Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған Виктория, Евгений және Иван Клепцовтар – туған бауырлар. Олар Ақкөлдегі балалар үйінде 3 жыл бойы тұрған. Ал қазір міне, 4 жыл болды Баратай ауылындағы Ибраевтар отбасында тәрбиеленуде. Қазақ ауылында тұрып жатқан соң, өздеріне Әйгерім, Ерхан және Олжас деп қазақша есім де таңдап алыпты. Жаңа ата-аналары да олардан қазақы тәрбие мен жылулықты аямайды.

Гүлнәр Ибраева, Баратай ауылының тұрғыны:

– Келгенде қиындықтар болды, әрине. Оңай нәрсе емес. Жан-жақтан жұмыс істедік. Біз бір мектептің мұғалімі сияқты болдық. Біреу қазақ тілінен үйретсе, біреу есеп жағынан үйретті. Алғаннан кейін балаларға жүрегіңдегі махабаттыңды аямау керексің.

Әйгерім Ибраева, оқушы:

– Мен анамды жақсы көремін. Анашым мені көп нәрсеге үйретті. Тамақ жасауды, үй жинауды, ыдыс жууды үйрендім.

Бұл киіз үйлер аталған форумның аясында арнайы тігіліп отыр. Мұнда жетім балаларды қамқорлықтарына алып, қазір тату-тәтті тұрып жатқан зеренділік бірнеше отбасы көпшілікке үлгі ретінде көрсетілді. Сала мамандарының айтуынша, қазір елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны азайып келеді. Мәселен, 2009 жылы 15 мыңнан астам жеткіншек балалар үйінде тәрбиеленсе, бүгінде бұл көрсеткіш 3 есеге төмендеген. Себебі бала асырап аламын деген отбасыға мемлекет те көмектеседі.

Гүлмира Құлсариева, ҚР БҒМ бала құқығын қорғау комитетінің бас сарапшы:

– 2017 жылдан бастап бізде қабылдаушы отбасы деген нысан пайда болды. Қабылдаушы отбасыдағы екі ата-анаға, бұрын 2004 жылғы жүйеде бір кісі ғана айлық алса, бүгінгі күні әкесі де анасы да айлық алуға мүмкіндігі бар біріншіден. Екіншіден, әр балаға күтіп бағуға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаражат бөлінген.

Нұрсұлу Кенжесова, Ортағаш ауылының тұрғыны:

– Өзімнің қайынағам мен абысыным қайтыс болған. Солардың кішкентай қыздары жетім қалған. Сол баланы өзім бауырыма алып, асырағам. Ол бала бүгінде 22 жаста. Біз ата-аналар курсынан өттік. Мен өзім де психологиялық тұрғыдан, жолдасым да психологиялық тұрғыдан дайынбыз. Қайда бара жатқанымызды білеміз. Сондықтан осы жерден өзімізге керекті мәліметтерді аламыз.

Сондай-ақ қазір бұрынғыдай емес, баланы тауып, таңдап алу да жеңілдеген. Барлық жетім балалар жайлы мәліметті бүгінде республикалық бірыңғай деректер базасынан онлайн қарауға болады. Айта кетейік, қазір елімізде 126 балалар үйі бар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы