366.86 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда қоғамдық көліктерге басымдық беріледі

  • 192
  • UPD: 23:49, 20.07.2018

Алматыдағы көлік қозғалысы әлемдік тәжірибеге негізделіп қайта жаңартылып жатыр. Нақтырақ айтсақ, бір бағыттағы көшелер қатары артып, қоғамдық көліктерге басымдық беріледі.

Өткен жылы екі көшенің жолы бір бағытта ғана жүретін болып қайта жарақталды. Қазіргі кезде бұл жобаның екінші кезеңі іске асырылып жатыр.

Жандосов көшесі мен одан әрі жалғасып кететін Тимирязев көшесінде жол жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Енді мұндағы жол жүру ережесі түбегейлі өзгереді. Яғни, көшенің негізгі жолағымен тек қана қоғамдық көліктер жүреді. Қосымша жолақ жеңіл көліктерге арналған.  Нәтижесінде, бұл көшелерде жеңіл көліктердің саны азайып, қоғамдық көліктер көбейеді, дейді қала басшылығы. Жылдам жолақты қоғамдық көліктер жобасы бойынша өткен жылы Сүлейменов пен Мустафин көшелері пайдалануға берілген болатын.

Ернұр Әбжахан, қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Жылдам жолақты қоғамдық көліктер іске қосылғаннан кейін жолаушылар саны күрт артады. Тұрғындардың таңертеңгі жұмысқа келіп, қайту кезінде бұл бағыттағы қоғамдық көліктер 10 мыңға дейін жолаушы тасымалдай алады. Жобаны Израйл мен Нидерланд елдерінің мамандарымен бірлесіп жасалды.

Көшелерді қайта жаңғыртудың бірінші кезеңі биыл қыркүйекте аяқталады. Қазіргі жылдам жолақты қоғамдық көлік жолының қашықтығы 8,7 шақырым. Ал жалпы құны 4,1 млрд теңге. Қаржы үнемдеу арқылы кептелісті азайту жұмыстары қала бойынша қарқын алып келеді. Мысалы, өткен жылы Шевченко мен Құрманғазы көшелерінде бір бағытта жол қозғалысы енгізілді. Биыл Жамбыл көшесі де осындай қағидаға көшеді. 

Александр Токарев, «СМЭУ Алматы» ЖШС атқарушы директорының орынбасары:

- Мысалы, қарсы бағыттағы көшелерде бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде бірінші жолақтағы көлік оңға, екінші жолақтағы көлік солға бұрылатын болса  арттағы көліктер өте алмай кептеліс туындайды. Ал, бір бағыттағы көшелерде мұндай кедергі болмайды. Бұған қоса ақылды бағдаршамдар да орнатылып жатыр. 

Жылдам жолақты қоғамдық көлік жобасының екінші кезеңінде Желтоқсан мен Төле би көшелері арқылы шығыс айналма жолға шығып, Жетісу базарына дейін баратын мүмкіндік жасалады. Оның жалпы ұзындығы 13 шақырым болады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы