374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде интеллектуалдық көлік жүйесі іске қосылды

  • 177
  • UPD: 15:15, 23.07.2018

Жаңа жоба бағдаршамдарды реттеп, жолдағы көлік кептелісін азайтуға көмектеседі.

Жаңашылдық елордада кеңінен енгізіліп жатыр. ITS-ті бас қалада іске қосқан – «Астана LRT» серіктестігі. Мына монитор арқылы қаладағы барлық қозғалыс реттеліп отырады. Жаңа жүйе бағдаршамдарды әр жағдайға бейімдеп басқарады. Жол қиылысындағы барлық бағыттар бойынша көлік санын есептеп береді. Яғни қай жерде техника көп екендігін адам емес, арнайы құрылғылар анықтап, орталыққа белгі береді.

Бекмырза Игенбердинов, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы:

- Интеллектуалдық көлік жүйесіне бүгінде 93 бағдаршам қосылды. Әр қиылысқа қажетті детектор, датчигі бар ақылды бағдаршамдар қойылды. Жаңа жүйе негізінен шаһардың сол жағалауына орнатылды. 

Бүгінде ITS-ке алты көше мен 42 жол қиылысы қосылған. Жаңа жүйе арқылы Сарыарқа, Тұран, Сарайшық, Қонаев, Достық және Сығанақ көшелеріндегі көлік ағынының жылдамдығы орташа есеппен 21%-ға дейін өскен.

Бейбіт Есжанов, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:

- Мәңгілік ел даңғылымен бүгінде 24 қоғамдық көлік қатынайды. Жол жөндеу жұмыстарына байланысты аталған даңғылды Алматы көшесінен бастап Қонаевқа дейін жабу ұсынылған еді. Сол кезде біз ITS жүйесі арқылы Мәңгілік ел бойынша күніне 80-90 мың көлік жүретінін есептеп шығардық. Ал бұл көше жабылса, қозғалыс қиындай түсетін еді. Сондықтан біздің ұсынысымыз ескеріліп, қалалық әкімдік Мәңгілік ел даңғылын түгелдей емес, бөліп-бөліп жауып отырды.

Астанада бүгінде 500 мыңнан аса көлік бар. Сондықтан алып шаһарда кептелістің болуы заңдылық дерсіз. Бірақ оны реттеудің жаңа тәсілдері енгізілмек. Мәселен, бүгінде ITS жүйесінің екінші кезеңін іске қосу жобасы жасалып жатыр. Оған алдағы уақытта қаладағы өзге 114 бағдаршам мен 402 жол қиылысын қосу жоспарланған.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ермек Кеншімбек

Осы категория бойынша: « Алматы облысында жоғалған баланы іздеуге тікұшақ жұмылдырылды Мамандар: Болашақта блокчейнсіз ешбір жоба іске аспайтын болады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы