374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстаулық жастар 80 жастағы қарияға үй салып берді

  • 316
  • UPD: 20:58, 23.07.2018

Маңғыстаулық жастар Мұнайлы ауданындағы Баянды ауылында тұратын 80 жастағы қарияға үй салып берді.

Апатты жағдайдағы үйде тұратын Сатыбалды атай қайырымды жастардың арқасында 2 айдың ішінде жаңа баспанаға қол жеткізді. «Ақтаудың қайырымды жандары» атты еріктілер тобы бастамашы болған асарға жүздеген жас атсалысқан. Бірі шатырын әкеліп берсе, енді бірі кірпішін қалауға жәрдемдесті.

Сатыбалды Алаев қирағалы тұрған үйді осыдан 50 жыл бұрын өзі тұрғызған еді. Соңғы жылдары қабырғасы сөгіліп, шатырынан су аға бастаған. Қаптаған сары құмырсқалар еден мен қабырғаны тесіп, жеп тастаған. Үйді жаңартуға 80-нен асқан қарияның шамасы келмесі анық. Үміт артып отырған жалғыз ұлының денсаулығы тағы жоқ, еңбекке жарамсыз.

Алсұлу Өтешқалиева, еріктілер тобының белсенді мүшесі:

– Біз атамызға азық-түлік әкеліп, көмектесіп тұратын едік. Келіп жүрген кезде атаның жағдайын көріп, барлығымыз «үй салып берейік» деген шешімге келдік. Осы шешімімізді халық қолдап, барлығы үй жабдықтарымен көмектесіп, екі айда үй салып бердік. 

Еріктілер тобының бастамасын өңірдің жастары іліп әкетті. Мамыр айында басталған құрылысқа жүзге жуық адам атсалысқан. Кәсіпкер жастардан бастап, қарапайым тұрғындарға дейін қол ұшын берді. Бірі тасын түсіріп, енді бірі шатырын әкеп берсе, тағы бірі үйді салып, қабырғасын сылаған. Қайырымды жандар үй ішіндегі жиһазына дейін алып берген. Ауылдың қыз-келіншектері көрпе-төсегін тігіп берген. Екі бөлмелі жаңа үйге қоныстанған қарияның қуанышында шек жоқ.

Сатыбалды Алаев, зейнеткер:

– Қайырымды жандарға көп рақмет. Алғысым шексіз балаларға.

Бабаларымыздың асарлату дәстүрін жаңғыртуды көздеген маңғыстаулық жастардың бұл – алғашқы жобасы. Түрлі мамандық иелерінен құрылған еріктілер тобы алдағы уақытта баспанаға аса мұқтаж жандарға үй салып беруді жалғастырмақ ниетте.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев және Саламат Бекбаев

Осы категория бойынша: « Сырбойылық 600-ден аса тауар өндіруші электронды платформаны пайдаланады Астанада стартап жобаларды дамытуға арналған шеберлік сыныбы өтті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы