369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада стартап жобаларды дамытуға арналған шеберлік сыныбы өтті

  • 231
  • UPD: 20:58, 23.07.2018

Жасанды интеллект пен блокчейн технологиясы көп ұзамай барлық ауқымды стартап жобалардың негізіне айналады.

Бұл туралы жаңа идеяларды жүзеге асыруға арналған шеберлік сыныбында айтылды. Жиынға арнайы келген мамандардың айтуынша, болашақта блокчейнсіз ешбір жоба іске аспайтын болады. Ал жасанды интеллектке қазірдің өзінде сұраныс жоғары.

Жандос Керімқұлов – Назарбаев университетінің кіші ғылыми қызметкері. Жерді қашықтықтан зондтау арқылы диқандардың жұмысын жеңілдететін жаңа жобаны жүзеге асырып жатыр. Вегетациялық кезең, жердің ылғалдылығы және өсімдіктің жалпы жағдайы сияқты ақпараттар арнайы порталға жинақталады. Ал мамандардың пікірі ескерілу үшін кері байланыс қызметі бар.

Жандос Керімқұлов, жоба авторы:

– Агроном тіркелген кезде нөмір береді. Сол нөмір бойынша біз кабинетке барлық мәліметтерді жариялаймыз. Және ол мәлімет бойынша агроном өзінің агрожұмыстарын жоспарлай алады.

Шеберлік сыныбына Жандос сияқты ондаған жобаның авторы қатысты. Бірі идеясын жүзеге асырудың жолын іздесе, тағы бірі бастаған ісін кеңейтуді жоспарлап келген. Ал жиынға жетекшілік еткен белгілі инвестор Марвин Лиао стартап жобаны қалай жаңа деңгейге көтеру керектігін түсіндірді. Айта кетейік, ол –әлемнің 60 еліндегі 500 компанияға инвестиция құйып, көптеген ұйымға жетекшілік еткен.

Марвин Лиао, инвестор:

– Қазақстанның мұнай мен газға бай мемлекет екенін білеміз. Ал бұл ресурстардың көмегімен көптеген ірі жобаны бастауға болады. Қазақстандағы бағдарламаушы мамандарды аса мықты дей алмаймын. Есесіне, бизнес жолға қойылған. Ал Шығыс Еуропада жағдай керісінше. Осыны ескеру керек шығар. Осы екі аймақты байланыстыру арқылы ауқымды халықаралық стартап жобаға қол жеткізуіміз мүмкін.

Бұдан бөлек, дәріс оқушылар бизнесті өркендету үшін қолданылатын құралдарды атады. Соның бірі – кері байланыс. Яғни тұтынушы мен өндіруші арасындағы диалог. Сондай-ақ серіктес таңдау да маңызды мәселе. Мұны да шетелдік мамандар қадап айтты. Жалпы қатысушылар «бір күннің ішінде бірқатар тың дерекке қол жеткіздік», – дейді. Ал ұйымдастырушылар осындай жиындарды болашақта тағы өткізуді жоспарлап отыр. 

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Ғани Алшынбаев

Осы категория бойынша: « Маңғыстаулық жастар 80 жастағы қарияға үй салып берді Алматы облысындағы керуен-сарайда қазба жұмыстары басталды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы