374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жайық өзенінің ахуалы ғалымдарды алаңдатуда

  • 300
  • UPD: 22:58, 23.07.2018

Батыс Қазақстан облысында бүгінгі күн – Жайық өзенінің күні болып белгіленді.

Себебі осыдан 21 жыл бұрын 1997 жылдың 23 шілдесінде халықаралық тарихи-мәдени әрі экологиялық экспедиция алғаш рет өзен бойымен жолға шыққан болатын. Бүгін Оралда бас қосқан отандық және ресейлік, өзбекстандық, австриялық ғалымдар дарияның экожүйесін сақтаудағы жалпы стратегияны талқылады. 

Трансшекаралық Жайық өзені – ұзындығы жөнінен Еуропада үшінші орын алады, Каспий бассейніндегі бекіре балығының баға жетпес қоры әзірше сарқылмаған бірден-бір су көзі. Алайда табиғаттың осынау таңғажайып байлығы жылдан-жылға жұтап барады. Өзеннің арнасы тайыздап, балықтың уылдырық шашар шұңқырлары бітеліп, жағасындағы тал-теректер қурап жатыр. Экспедицияның мақсаты – Жайықтың экожүйесін сақтау. Алайда жыл сайын жиылып, өзен бойымен әрлі-берлі жүзгеннен, әзірше нәтиже болмай тұр. Мұны қатысушылар да мойындайды.

Елена Тарасенко, Жайық экспедициясының жетекшісі:

– Өкінішке қарай, мүдделі мекемелер өкілдері мәмілеге келу үшін бір жерге жиналмай тұр. Есесіне біз құқықтық-нормативтік база қабылдадық. Яғни комиссия құрылды, келісім жасалды. Осы комиссия ғалымдарды жинап, олардың ғылыми зерттеулерін тыңдап, судың ағысын реттеуге атсалысуы тиіс.

Өзен бассейнін сақтау туралы келісімге осыдан екі жыл бұрын екі мемлекет басшыларының кездесуінде қол жетті. Ал биыл арнайы комиссияның алғашқы отырысын өткізу жоспарланған. Егер шенеуніктер жағалауды тазарту мен су қоймаларын жөндеуге миллиондаған қаржы кеткені туралы мәлімдеп жатса, ғалымдар судың тиімді пайдаланылу керектігін айтады.

Александр Чибилёв, Ресей ғылым академиясының академигі:

– Бекіре балығымен әйгілі, алабындағы орман-тоғайымен, жануарлар дүниесімен дараланатын дарияның өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалуы өте маңызды. Егер біз өзеннің түбін тереңдете берсек, ол су өтетін каналға айналып шығады. Мұның барлығы өзеннің табиғатына, болмысына қайшы келеді.

Әлібек Наутиев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:

– Ресейден келетін судың азайып кетуіне байланысты Жайық бойындағы тұрғындарға, олардың шаруашылық жүргізуіне, басқа да экологиялық мәселелерге үлкен әсер етіп жатыр. Сондықтан бұл мәселе кеңінен талқыланады, биылғы кездесу өз нәтижесін береді, болашақта Жайық бойындағы экологиялық мәселелердің шешілуіне үлкен ықпал етеді деп есептеймін.

23 шілде – Жайық өзенінің күні делінген естелік белгінің ашылуы дарияның табиғи байлығын сақтау жұмыстарының жаңа кезеңі басталғанын әйгілейді. Барлық гидротехникалық құрылыстарды түгендеп, олардың жұмыс жүйесін реттеу, өсімдік әлемін қалпына келтіру – келешектің ісі. Ал бүгін Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстарының басшылары қолдарына ескектерін ұстап, өзен бойымен аттанды. Халықаралық «Жайық-Орал» экспедициясы экологиялық мәселелермен қатар достық байланыстардың нығаюына да оң әсер етпек.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Қ.Махмудов

Осы категория бойынша: « Атырауда сирек кездесетін дала бүркітінің балапаны құтқарылды Петропавлда қараусыз қалған балалардың ата-анасы табылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы