374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде көлік ұрлығы бойынша 360 қылмыс тіркелген

  • 217
  • UPD: 19:54, 24.07.2018

Автокөлік пен оның бөлшегін ұрлау тыйылмай тұр.

Бұл қазір қоғамды алаңдатқан мәселеге айналды. Дәйекпен келтірейік. Жыл басынан бері көлік ұрлығы бойынша елімізде 360 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,2 пайызға артқан. Арам жолмен ақша табуға құныққандарды қалайша тезге салып, жүгендеуге болады?

Бұл – Сапар Шамшиев есімді азамат. Көлігінің айнасын тақауда ғана әлдекім қолды қылған. Бірақ баукеспе ешқандай жазаға тартылмай, жауапкершіліктен жалтарып кетті. 

Сапар Шамшиев, жәбірленуші:

- Көлігімнің бөлшегін ұрлаған соң, ертесінде маған тергеуші хабарласып, күдіктімен екеуара татуласуды сұрады. Мен келіспедім. Қылмыс жасаса, жазаға тартылуы керек қой. Бірақ ешқандай шара қолданылмады. Кейін оның бұрын да сотталғанын естідім.

Қылмыстың ұсақ-ірісі болмайды. Біреудің ақысын жеп я жәбірлегендер заң алдында жауапқа тартылуы тиіс. «Бірақ бізде бұл тұс әлі ақсап тұр», – дейді сарапшы.

Сәуле Мектепбаева, сарапшы:

- Жаза әркез болуы керек. Ұсақ қылмыс деп қарамау қажет. Тиісті жауапкершілікке тартылғаны дұрыс. Ал заң алдында жауап бермейтінін сезінген адам еш нәрседен тайсалмайды.

Автокөліктің бөлшегін ұрлау соңғы кезде белең алған. Айталық, бұрындары ұрылар арам пиғылын түнгі уақытта жүзеге асырса, қазір тапа-тал түсте тонап жүре береді. Ертеректе дөңгелектер қолды болса, қазір фар, айналар жиі жоғалатын болған. Оның құны қымбат. Бағалары көліктің маркасына байланысты түрліше болып келеді. Мәселен, мына темір тұлпардың айнасы шамамен 150-200 мың деп бағаланады.

Тек бөлшек емес, көліктің өзін де ұрлау дерегі азаймай тұр. Биыл айнасынан айырылған Сапардың былтыр темір тұлпарын бәзбіреулер ұрлап кеткен. «Бәзбіреу» деп айтқанымыз бекер емес. Арада бір жыл өтсе де баукеспелер әлі күнге дейін ұсталған жоқ.

Сапар Шамшиев, жәбірленуші:

- Қаланың әр бұрышында бейнебақылау камералары тұр. Ұрланған көліктің қайда кеткендігін анықтау қалайша мүмкін емес. Тергеушілерге барсаң, істі бір-біріне сілтейді. Көптеген сұрақтарыма жауап ала алмадым. Бұл жерде бір шикілік бар.

Қаперіңізде болсын! Тәртіп сақшылары қылмыс үстіндегі ұрыға жақындамауға кеңес береді. Себебі, ол жаралы қасқырдай өте қауіпті. Қайта уақыт жоғалтпай, полицияға хабарласу керек. Ал айна ұрлығынан сақтанудың бірден бір жолы – айнаға көліктің нөмірін өшпестей етіп жазып қойыңыз.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Әділғазы Төлеміс

Осы категория бойынша: « БҚО-да соңғы аптада 4 адам суға кетті Маңғыстау облысында «Көреген көз» жүйесі 17 мыңға жуық заңбұзушылықты анықтаған »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы